Алматыда лаңкестікке қарсы операция кезінде 5 адам қаза тапты - Алматы ІІД

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда лаңкестікке қарсы операция барысында 5 адам қаза тауып, 7 адам жарақат алды. Бұл туралы Алматыда өткізілген баспасөз брифингі барысында Алматы қалалық терроризмге қарсы күрес бойынша шұғыл штабының ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлім етті.

Оның айтуынша, күдікті ұсталды.

«Қаза тапқан бес адамның үшеуі - полиция қызметкерлері. Қалғандары - азаматтық тұлғалар. Жеті адам жарақат алды. Оларға дер кезінде медициналық көмек көрсетілді. Күдікті - бір адам. Ол 27 жастағы Қызылорда облысының тұрғыны. Ұстау барысында ол қарсылық көрсетті. Қарусыздандыру әрекеті барысында ол жарақаттанды. Қазір қамауға алынды. Сонымен қатар, лаңкестікке қарсы операция барысында қылмыскердің сыбайласы болуы мүмкін деген күдікпен тағы бірнеше адам ішкі істер органдарына жеткізілді. Қазір олардың қылмысқа қатысы бары-жоғы тексеріліп жатыр. Бұл аталған деректер ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-шы бабының 2-ші тармағы, 269- шы бабының 2-ші тармағы және 380-ші бабының 2-ші тармағы бойынша сотқа дейінгі бірыңғай тергеу тізіліміне енгізілді», - деді С. Әзірбек.