Жастар саясаты басқармасының мәліметінше, халықаралық жастар күнінде NEET санатындағы жастарға ерекше көңіл бөлінетін болады. Ерекше бастамалардың бірі «БазараNeеt» подкасты іске қосылады. Жоба авторларының айтуынша, олар білімі не тұрақты жұмысы жоқ жастарды әңгімеге тартып, олардың мәселелерін түсініп, әртүрлі тақырыптар бойынша пікірін тыңдайтын болады.
«Өздеріңіз білетіндей, подкасттар белгілі бір салада жетістікке жеткен адамдардың қатысуымен сұхбат арқылы жүргізіледі. Біздің подкасттың мақсаты – еңбек адамдарымен, базарда жұмыс істейтін қарапайым қала тұрғындарымен байланыс орнату. Олардың арасында көптеген жастар да бар. Біз олардың қызметі туралы көбірек білгіміз келеді, сонымен қатар олардың мақсатын, ойын тыңдау бізге маңызды», - дейді «Jaidarman» РҚБ Алматы қалалық филиалының директоры Оңдасын Құлымбетов. Спикердің сөзінше, қоғамда болып жатқан көптеген оқиға туралы ақпарат кейде көпшілікке дұрыс жете бермейді. «Біздің ойымызша, жас жігіттер мен қыздар базарда таңертеңнен түнге дейін жұмыс істей отырып, әрдайым қажетті ақпарат ала бермейді. Осы подкастты түсіріп, жастармен көзбе-көз кездесе отырып, біз оларға мемлекет тарапынан жастарға арналған түрлі мүмкіндіктер мен бағдарламалар туралы айтқымыз келеді», - ол.
Айтуынша, жоба тамыз айының ортасында басталады. Подкастты Jaidarman ойыншылары жүргізеді. Спикер атап өткендей, оларға қарапайым жұмысшылар – сатушы, жүк тасушы және күзетшілерді әңгімеге тарту қиын болмайды. «Жайдарман ойындары әлеуметтік лифт екені белгілі. Жалпы, біздің талдауымыз бойынша біздің негізгі көрермендеріміз – NEET санатындағы жастар. Жайдарман ойындарында ойнайтын да, қызығатын да өзіміз секілді ауылдың жастары және олардың саны жылдан-жылға артып жатыр. Біз, Жайдарман ойыншылары үшін осы жастармен байланыс орнату маңызды. Осылайша біз ортада байланыстырушы көпір болғымыз келеді. Белгілі бір жастар тобын құрып, олармен кері байланыс орнатқымыз келеді. Осы бағытта алғашқы қадамдарды жасап жатырмыз, нәтижесін жақын арада көресіздер», - деді ол.
Бұған дейін мегаполисте Халықаралық жастар күнін мерекелеу аясында 18 іс-шара өтетіні туралы жазған болатынбыз.