Алматыда пәтер тонаушы полицейлерге пышақ ала ұмтылған (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының жол-патрульдік полициясы пышақпен қаруланған пәтер тонауға күдіктіні оқиға орнында қолға түсірді. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Бұл пәтер тонау әрекеті Алматы қаласының Әуезов ауданында түстен кейін сағат 14:00-ден асқан уақытта тіркелді. «102» кезекші бөліміне үрейленген әйел хабарласып, Шұғыл басқару орталығының операторына белгісіз біреу пәтерінің сыртқы есігінің құлпын сындырмақ болып жатқанын сыбырлап жеткізеді.

«Бұл ақпарат сол жерге жақын маңда жүрген «Боран-102» экипажына шұғыл берілді. Бірнеше минуттан кейін тұрғын үйдің кіреберісіне келіп жеткен патруль қызметкерлері бөлініп, күдіктінің шегінуі мүмкін жолдарын бөгеді. Содан дәлізге кірген инспекторлар, екінші қабаттың баспалдақ алаңқайында оң қолын сол жақ төс қалтасына салып тұрған бейтаныс ер азаматты байқады. Ол полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, жаңағы қолын салып тұрған қалтасынан үлкен ас пышағын суырып алып, тәртіп сақшыларына шабуыл жасады. Қаскүнем дер кезінде залалсыздандырылып, ұсталды. Ал кейін оны пәтер иесі де таныды», - деді өз сөзінде Алматы қалалық ІІД Жол-патрульдік полиция полкінің командирі, полиция подполковнигі Айтжан Әлмұхамбетов.

Белгілі болғанындай, бұл қылмысқа барған көрші ықшамауданның тұрғыны болып шықты. Ол: «пәтерде ешкім жоқ», - деп ойлап, оны тапа-тал түсте тонамақ болған. Алайда оның бұл жауыз ниеті жүзеге аспады.

«Есіктің сыртындағы тысырды ең алдымен менің қызым естіп қойды. Содан маған айтты. Біз жайлап барып, есіктің дөңгелек шынысынан қарасақ, бір еркек есіктің құлпын сындырмақ болып жатыр екен. Біз кейін шегініп, шеткі бөлмеге кірдік. Сөйтіп мен полицияға хабарластым. Жігіттер дер кезінде келіп жетті. Екі минут өтпей-ақ есік сыртынан шыққан шуды естідік. Сөйтсек, полицейлер күдіктіні ұстап жатыр екен. Оларға көп-көп рахмет. Егер олар дер кезінде келіп жетпегенде не боларын бір құдай біледі. Айтпақшы, бұл еркекті мен бұдан екі күн бұрын өзіміздің кіреберіс дәлізден көргенмін. Сол кезде-ақ ол қарайлап жүрген екен», - деді жәбірленуші.