Тұрғындар Алматы әкімі Ерболат Досаевпен кездесу барысында Райымбек, 172 мекенжайы бойынша шағын қонақүй орнына үлкен тұрғын үй кешені салынып жатқанын мәлім етті.
«Бізде көлік қоятын жер қалған жоқ. Жаңадан салынғалы жатқан көпқабатты үйдің іргетасының шұңқыры біздің үйден 8 метр жерде орналасқан», - деді аудан тұрғыны.
Әкімнің орынбасары Мұхит Әзірбаев тұрғын үй кешені «Диал-Строй» компаниясының жобасы екенін, бұл құрылысқа әкімдік рұқсат бермегенін жеткізді. Айтуынша, сол маңда тағы 2 құрылыс салушы жоба бастаған. Осы орайда, кварталдың (Киров атындағы зауыттың төменгі жағы, Райымбек, Мұратбаев пен Сейфуллин көшелерінің жоғарғы бөлігі) толығымен бас жоспарға сәйкестігі зерттеле бастаған.
«Қала басшылығы құрылысқа рұқсат бермегенін ресми түрде мәлімдеп отыр. Жаңа ғана сіздерге бүкіл квартал қаланың бас жоспары бойынша қаралатыны айтылды», - деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.
Әкім жауапты басқармалар прокуратурамен бірлесіп, құрылыс алаңын тексеретініне уәде берді.
Еске салсақ, Алматының Наурызбай ауданындағы заңсыз салынған «Жайсан» тұрғын үй кешені сүрілетіні хабарланған.
Сондай-ақ, сот Наурызбай ауданындағы «Qadam» тұрғын үй кешенін сүру жөнінде шешім шығарды . Алматы қаласының қала құрылысын бақылау басқармасы нысанды тексеріп, сәулет, қалақұрылысы және құрылыс қызметі саласында бірқатар заң бұзушылықты анықтаған еді.