«Қылмыстардың бетін ашу және әкімшілік құқықбұзушылықтарды анықтауда Жергілікті полиция қызметі жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Учаскелік полиция қызметкерлері 1 761 қылмысты ашты. Жол-патрульдік полиция жасағы ширақ жұмыс істей бастады. Солардың арқасында 1 450 қылмыстың беті ашылды. Олардың ішінде 963-інің ізі суымай ашылды. Қабылданған шаралардың арқасында тонау қылмыстарын 23,4 пайызға, ал бұзақылықты 2,5 есеге қысқартуға қол жеткізілді», - деді Алматы қалалық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Серік Күдебаев.
Қылмыстың алдын алу бойынша негізгі ауыртпалық учаскелік инспекторларға түседі. Олар жыл басынан бері 18 936 әкімшілік құқықбұзушылық әрекеттерді анықтап, 61 миллион теңгеден астам айыппұл салды.
«Маскүнемдердің және бұрын сотталғандардың қолымен жасалатын қылмыстардың өсуіне тосқауыл қою бойынша шаралар қабылданып жатыр. Бұрын сотталған азаматтар тарапынан жасалатын қылмыстардың алдын алу үшін «Есеп» жедел-алдын алу шарасы өткізілді. 105 мың әкімшілік құқықбұзушылық әрекеттер анықталып, 14,5 млрд теңгенің айыппұлы салынды. Қоғамдық орындарда орынсыз тиісіп, маза алғаны үшін 372 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді С. Күдебаев.
Айта кетелік, Жергілікті полиция қызметінің өкілдері жыл басынан бері тұрғындармен 490 рет кездесу өткізген.
Қазіргі таңда Алматыда қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында 213 қоғамдық топ жұмыс атқарады. Олардың құрамында 2 941 адам бар.