Алматы қаласы ІІД Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шаралар кешенін жүргізу нәтижесінде 1987 жылы туған азамат Әлиевті ұрлауға қатысты бір топ тұлғаны анықтады және ұстады.
«Қаскөйлердің өз құрбанын ұстап отырған орны анықталды. Ол - Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы кенттердің бірінде орналасқан жеке үй. Кеше адамды босату бойынша арнайы операция сәтті жүргізілді. Нәтижесінде азамат Әлиев қамаудан шығарылды. Оның өмірі мен денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ», - деп хабарлады Алматы қаласы ІІД ресми өкілі, полиция подполковнигі Салтанат Әзірбек.
Қазіргі уақытта үш күдікті ұсталды және ҚР ҚК 128-бабына сәйкес уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы аталған қылмысқа өзге тұлғалардың қатысы бар-жоғын тексеруде. Алдағы сотқа дейінгі тергеу барысында ұрлау себептері мен істің өзге де жай-жапсары анықталады.
20 сәуір күні полицияға азамат С. Әлиевтің із-түзсіз жоғалып кеткенін айтып, туыстары хабарласқан еді. Аталған факт ҚР ҚК 125-бабы, 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне тіркелді.