Алматыда ұрланған затты саудалап келген 7 адам ұсталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Мега Тау» сауда үйінде тұрған 7 саудагер ұрланған заттарды сатып алумен айналысып келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, олардың біреуінің жұмыс орнында 198 ұялы телефон тәркіленді. Тағы 10 ұялы телефон күдіктінің автокөлігінен табылды. Ол өзінің үйінде 35 мобильді құрылғы мен ноутбукты сақтап келген.

Бұл заттардың идентификациясы мен шығу тегі тергеу барысында егжей-тегжейлі тексерілетін болады.

7 адамның барлығының осы сауда үйінде сауда нүктелері болған.

Тергеу кезінде күдіктілердің бірі көлігімен қашып кетуге тырысқан. Полиция Желтоқсан мен Жібек жолы көшесі қиылысында «Тойота Камри» автокөлігінің жолын кесті. Сол сәтте ол жаяу қашқан. Күдікті полиция қызметкерін жарақаттады.

«Ол полицияға екі рет пышақ сұғып, өміріне қауіпті жара салған. Жауынгерді оққа төзімді киім құтқарып қалған, пышақ бойламай қалды. Қаскөй қашып кетуге қанша тырысқанымен оның әрекеті сәтсіз болды. 27 жастағы жігіт уақытша ұстау изоляторына жіберілді. Қазір оған қатысты ҚР ҚК 380-бабы - билік өкіліне қарсы күш қолдану және ҚР ҚК 196-бабы - ұрланған заттарды сатып алу бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деді ПД Қылмыстық полиция басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Есен Ысқақов.