Алматыда үйлердің кіреберісіндегі камераларды ұрлап жүрген жігіт ұсталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда тұрғын үйлердің кіреберісіндегі бейнебақылау камераларын ұрлаумен айналысқан азамат ұсталды. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Естеріңізге сала кетелік, бұл бейнебақылау камералары тұрғын үйлердің кіреберістеріне «Қауіпсіз аула» қалалық бағдаралмасы аясында орнатылған болатын.

«Бейнебақылау камераларының ұрланып жатқаны туралы келіп түскен арыздар негізінде сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жедел-іздестіру шарасы барысында Алматы қаласының Жетісу ауданында тұратын 25 жастағы М. есімді азамат ұсталды. Әзірге оның бейнебақылау камераларын ұрлау бойынша үш дерекке қатысы бар екендігі анықталды. Арыз беруші фирма қаскүнемнің келтірген шығынын - 180 мың теңгеге бағалады. Күдікті уақытша тергеу абақтысына тоғытылды. Іс сотқа жіберілетін болады», - деді Алматы қаласының Түркісіб аудандық Ішкі істер басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Данияр Мендебаев.