Бүгін 17 сағат 21 минутта «102» пультіне «Ақсай-3» ықшамауданындағы тұрғын үйлердің біріне жарылғыш зат қойылғандығы туралы хабар келіп түсті.
«102» пультіне бір зейнеткер қоңырау шалып, оған белгісіз біреудің тұрғын үйге жарылғыш зат қойылғандығы туралы хабарлағанын айтты. Бірнеше минуттың ішінде тұрғын үйге жедел және шұғыл ден қою қызметтерінің мамандары келіп жетті. Ең алдымен тұрғын үйдің тұрғындары қауіпсіз аймаққа шығарылды. Содан кейін арнайы мақсаттағы «Арлан» бөлімшесінің саперлері үйді тексеруге кірісті. Жарылғыш зат табылмады. Үйді тексеру 19 сағат 05 минутта аяқталды. Тұрғындар өз пәтерлеріне қайтып оралды», - деді Алматы қалалық ІІД ресми өкілі, полиция майоры Салтанат Әзірбек.
Сондай-ақ, қазір жедел қызмет өкілдері зейнеткердің айтқан сөзінің дұрыс-бұрыстығын және оған хабарласқан адамның аты-жөнін анықтап жатыр.