Еске сала кетейік, 16 ақпанға қараған түнгі 12-де адам өліміне себеп болған жол-көлік апаты Алматы қаласының Әуезов ауданында болды.
«Жаяу жүргінші оқиға салдарынан қаза тапты. Жол-көлік апаты бойынша екі көлік иесі іске тартылып отыр. Бірі оқиға орнында қалған «Шкода» көлігінің, екіншісі сол жерден ізін суытқан «Тойота Камри» көлігінің жүргізушісі. Екі көлік те Саин көшесімен солтүстік бағытқа қарай кетіп бара жатқан. Оқиғадан соң бірден жедел топ құрылып, ізіне түсті. Біз жүргізушінің кім екенін бірден анықтадық. Ол 1969 жылы туған Алматы қаласы Жетісу ауданының тұрғыны болып шықты. Біз іздеп барғанда ол үйінде болды. Ол «Саин көшесінде ит қағып кеттім» деп ойлағанын айтты. Қазіргі уақытта «Тойота» көлігінің жүргізушісі Анықтау басқармасына берілді», - деді Алматы қаласы ІІД Жергілікті полиция басқармасының Іздеу бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Ерік Насырбеков.
Алматы қаласы ІІД Анықтау басқармасы басшысы, полиция подполковнигі Рустам Әбдірахманов аталған жол-көлік апаты бойынша, ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігі бойынша (кісі өліміне соқтырған жол апаты) және ҚР ҚК 347-бабы ( оқиға орнынан із суыту) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты.