Жергілікті полиция қызметінің дерегінше, Алматыда жыл басынан бері санитарлық және экологиялық нормаларды сақтауға қатысты 5 мың 964 әкімшілік құқықбұзушылық әрекет тіркелген.
«Қаланы абаттандыру ережесін бұзғаны үшін - 3 747 адам, рұқсат етілмеген жерде сауда жасағаны үшін - 901, жануарларды күту ережесін бұзғаны үшін - 252, жасыл желекті күту және қорғау ережесін бұзғаны үшін - 1 064, ағаштар мен тал-шіліктерді заңсыз кескені үшін - 2 және пайдалануға тыйым салынған, құрып кетудің алдында тұрған өсімдіктер немесе жануарларға қатысты заңсыз әрекеттері үшін 2 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Табиғатты қорғау полициясы бөлімшелері барлығы 20,4 миллион теңге айыппұл салды. Әзірге, бұл соманың 70 пайызы, яғни 14,3 миллион теңге мемлекет пайдасына өндіріп алынды», - деді Алматы қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Жасұлан Байкенов.
Осыған байланысты Алматы полициясы қала тұрғындары мен қонақтарын табиғатты аялай білуге және оған қатысты заңнамаларды сақтай білуге шақырады.