Алматыда жылу беру маусымы аяқталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Алматы қаласының әкімдігі жылу беру маусымы аяқталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАҚпарат тілшісі.

Қала тұрғындары көктем келсе де, үйлеріне әлі жылу беріліп тұрғанын, салдарынан үйдің іші ысып, ауаның тарылғаны туралы әлеуметтік желіде жазды. Кейбір азаматтар үйдің мұндай температурасын көтере алмай жатқанын да жеткізген.

Аталған мәселе бойынша Алматы қаласының әкімдігі мәлімдеме жасады.

«Алматыда күнтізбелік бес күн ішінде гирдрометеорологиялық қызмет тіркеген сыртқы ауаның орташа тәуліктік температурасы 8⁰ С және одан жоғары болуына байланысты және ұзақ мерзімді ауарайы болжамын назарға ала отырып, 5 сәуір күні жылу маусымын аяқтау туралы шешім қабылданды», - делінген ведомствоның хабарламасында.

Еске салайық, Алматыда өткен жылы 2 қазан күні жылу беру маусымы басталған болатын.