Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі қылмыскерлерге шығарылған үкім туралы айтты.
«Аталмыш іс бойынша 3 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотталды. Олардың ішінде біреуі тонау үшін ғана емес, сонымен қатар, ірі көлемдегі алаяқтықтың бірнеше эпизоды бойынша кінәлі деп танылды. Сот оны 8 жылға бас бостандығынан айырды.
Қарақшылық қылмыстың тағы екі сыбайласы 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар, алаяқтығы үшін сотталған адамнан іс бойынша жәбірленушілердің пайдасына шамамен 60 млн теңге мөлшерінде келтірілген материалдық залалды өндіріп алу туралы шешім шығарылды», - деді баспасөз қызметінде.
Үкім заңды күшіне енді және орындалды. Сотталғандар жазасын өтеуге жіберілді.
Еске салсақ, 2020 жылдың 15 қазаны күні Kaspi банктің бөлімшесін тонау мақсатында нысанға үш қылмыскер баса көктеп кірген болатын. Қарақшылардың бірі балтамен кассаның шыны терезесін сындырып, ішке енген. Ұрланған сома 2 394 830 теңгені құрады.
Қазан айының соңында барлық үш күдікті полиция қолына түсті. Олардың бірі Орал қаласында ұсталды.