Алматыдағы «Maxima» сауда ойын-сауық орталығынан жарылғыш затты іздеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Райымбек даңғылы бойында орналасқан "Maxima" сауда ойын-сауық орталығында арнайы мақсаттағы «Арлан» бөлімшесі саперлерінің жүргізген іздестіру шарасы аяқталды.

Ғимараттан жарылғыш зат табылған жоқ. Бұл туралы жаңа ғана Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек хабарлады.

«Бүгін кешке 18 сағат 05 минутта «102» пультіне бір жасөспірім қыз хабарласып, "Maxima" сауда ойын-сауық орталығының артындағы тұрғын үйлердің бірінде тұратындығын және «бомба лақтырып жатқан ұлдардың әрекетіне» шағымданатындығы туралы айтқан. Келіп түскен хабар түсініксіздеу болғанымен бірнеше минуттың ішінде оқиға орнына жедел және шұғыл тойтару қызметтерінің қызметкерлері келіп жетті. Ең алдымен сауда ойын-сауық орталығының қызметкерлері мен келушілер барлығы 300 адам қауіпсіз аймаққа шығарылды. Полиция қызметкерлері орталықтың аумағын қоршауға алды. Содан кейін арнайы мақсаттағы «Арлан» бөлімшесінің саперлері іздестіру шарасына кірісті. Тексеру 18 сағат 55 минутта аяқталды. Жарылғыш зат табылмады. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде», - деді С. Әзірбек.