Жыл басынан бері арнайы белгіленбеген орындарда сауда жасағаны үшін жалпы сомасы 8 млн. 972 мың теңгеге әкімшілік іс қозғалды. Полиция мәліметінше, аталған құқық бұзушылық қалалық базарлары мен басқа да қоғамдық жерлердің айналысында анықталуда.
Таяуда Алмалы ауданының учаскелік инспекторлары «Тастақ» базары маңындағы «жабайы сауданы» жою бойынша және оған жол бермес үшін кезекті рейд өткізді.
«Нәтижесінде, рейдтік шаралардың бірінші сағатында әкімшілік жауапкершілікке заңнаманы бұзған 20-дан астам адам тартылды, ал өткен бір күннің қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 80-ге жуықтады. Бұған дейін саудагерлерге бірнеше мәрте ескеру жасалған болатын. Алайда, олардың кейбірі бұл ескертулерді елемеді. Бұл ретте «жабайы сауда» мен Брусиловский көшесі бойымен заңсыз жайма сауданы ұйымдастыруды айтып отырмыз. Көкөніс, жеміс-жидек, құрылыс материалдарын саудалайтын адамдар жалпылай пайдаланатын орындарға орналасып алған. Осының салдарынан, жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтіріліп, қолдан жасалған кептеліс жолдағы қозғалысқа кері әсер етуде»,-деді Алматы қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Нұрлан Алмасбеков.
Оның сөзіне қарағанда, жыл басынан бері әкімшілік полиция қызметтері мен бөлімшелері қызметкерлері және жергілік полиция қызметі ұсақ құқық бұзушылық пен тәртіпсіздікке «нөлдік төзімділік» ұстанымы бойынша 212 мыңға жуық әкімшілік заңнаманы бұзу фактісін анықтады. Салынған айыппұлдың көлемі 3 млрд. 120 мың теңгені құрады.