Алматыдағы Желтоқсан саябағын абаттандыру жұмыстарынан кемшіліктер анықталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Түрксіб ауданындағы «Желтоқсан» саябағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарының аралық нәтижелерімен танысқан қала әкімі Ерболат Досаев бірқатар кемшіліктерді байқап, мердігерге оларды өз қаржысы есебінен жоюды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоба бойынша саябақты абаттандыру мен көгалдандыру, соның ішінде көлді тазарту және ұзындығы 40 метр көпір салу қарастырылған. Бүгінде мердігер компания жұмыстардың бір бөлігін орындады - саябақ аумағында жаяу жүргінші жолдары салынды, орындықтар қойылды, жарық шамдары орнатылды және 3 мыңнан астам ағаш отырғызылды.

Тексеру барысында қала әкімі тротуар плиткаларын төсеу сапасын сынға алды. Барлық жаяу жүргіншілер жолында төселген тастар едәуір отырып қалған, аралары ажырап, жарықтар байқалады. Қала басшысы ағаш орындық кешендерінің бетін өңдеу технологиясына қатысты ескерту жасады. Олардың бояуы бүкіл нысанды пайдалануға бергенге дейін ескіріп, түсіп қалуы әбден мүмкін. Саябақ аумағын жарықпен толық қамтамасыз ету үшін Ерболат Досаев жаяу жүргіншілер жолының екі жағына да жарық шамдарын орнатуды тапсырды. Сондай-ақ, көгалдандыру кезінде дұрыс ағаш көшеттерін немесе қажет болған жағдайда көгалдарды таңдау үшін топырақтың ерекшеліктерін ескеру қажеттігін атап өтті.

Әкім нысанның барынша жайлы болуы керектігін ескертті. Бұл саябақ жақын маңдағы «Жас қанат», «Маяк тоғайы», «Колхозшы» және басқа да шағын аудандардың 20 мыңнан астам тұрғыны үшін жаңа демалыс орталығы болмақ. Бұл ретте әкімдік тиісті ақша қаражатын бөледі, олар нысаналы мақсат бойынша пайдаланылуы тиіс. Мердігерге абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын барлық талаптарды және технологиялық процестерді сақтай отырып орындау тапсырылды.

Сондай-ақ, әкімге саябақты дамыту бойынша алдағы жоспарлар таныстырылды. Реконструкциялау барысында жаяу жүргіншілер көпірі, балалар және спорт алаңдары салынып, шағын сәулет пішіндері орнатылады. Мамандар суы аз көлді тазартуға ниетті. Соңғы жылдары тоған қамысқа толып, түбі таязданып қалған, ал жағалауына құрылыс қоқыстары төгілген. Көлді тазарту жобасы аясында оны қалалық арық жүйесіне қосу жоспарланып, Жарбұлақ өзенінен суын молайту мүмкіндігі қарастырылып отыр.

Объектіні пайдалануға беру мерзімі мердігер ұйым тарапынан болған кідірістерге байланысты бірнеше рет кейінге шегерілді. Компания барлық жұмыстарды ағымдағы жылдың қыркүйегіне дейін аяқтауы тиіс. Ерболат Досаев абаттандыру және көгалдандыру жобасы аяқталғаннан кейін саябақты жеке қабылдап алатынын атап өтті.

Еске сала кетейік, күн кеше Алматыда Дінмұхамед Қонаевтың мұражай-үйі ашылды.