«2025 жылдың соңына дейін Мемлекет басшысының қаланың барлық тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырмасы қарқынды іске асырылады. Бұл мақсатта осы жылдың қазан айында Наурызбай ауданының шығыс бөлігіндегі Қарғалы өзенінде су жинау құрылғысын салу аяқталады және 50 мың тұрғын сапалы суға қол жеткізеді», - деді қала басшысы елордада орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, Наурызбай ауданының батыс бөлігінің 100 мыңға жуық тұрғынын қамып, Ақсай өзенінде су жинау құрылғысын салу жалғасады.
Аяқталу мерзімі – 2025 жылғы қараша.
«Жалпы өнімділігі тәулігіне 50 текше метрден асатын Ерменсай және Барлық өзендерінде 2 су жинау құрылғысының құжаттамалары әзірленуде. Бұл көздер қаланың 2 ауданының 100 мыңнан астам тұрғынын сумен қамтиды. Қабылданып жатқан шаралардың арқасында 2025 жылға қарай 250 мыңнан астам адам, оның ішінде биыл 50 мың адам орталықтандырылған суға қол жеткізе алады», - деді Ерболат Досаев.
Сондай-ақ, әкім Алматыда инженерлік инфрақұрылымды елеулі жаңғырту қажеттігін жеткізді.
«Биыл «Алмагүл» және «Тұздыбастау» 2 электр қосалқы станциялары пайдалануға беріледі. 400 мыңға жуық тұрғын тұрақты электрмен жабдықталады. 300 мың тұтынушыны жылумен қамту үшін қыркүйек айында қуаты 155 Гкал 2 қазандықты – «Оңтүстік аудандық қазандық» және «Премьерді» қайта жаңғырту аяқталады», - деп толықтырды спикер.