Алмазбек Атамбаев бас бостандығынан айыру жазасына кесілді

Фото: КАБАР

БІШКЕК. KAZINFORM — Бішкектің Первомайский аудандық соты Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевты 2019 жылдың тамызында Қой-Таш оқиғасына байланысты мүлкін тәркілеп, мемлекеттік наградаларынан айыру арқылы 11 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға сырттай үкім шығарды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Жергілікті БАҚ хабарлауынша, іс бойынша басқа айыпталушылар, соның ішінде бұрынғы депутаттар мен шенеуніктерге қатысты келесі үкімдер шығарылды: 

  •  Равшан Жээнбеков пен Фарид Ниязовқа — 7 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру, сот залында қамауға алынды;
  • Ирина Карамушкина — 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру, сот залында қамауға алынды;
  • Фархад Баабиев — 5 жыл 6 ай, сот залында қамауға алынды; 
  • Қанат Сағымбаев, Мээрбек Мискембаев, Қанат Осмоналиев, Құндыз Жолдубаева — әрқайсысына 5 жыл пробациялық қадағалау; 
  • Әсел Кодуранова, Амангелді Какебаев, Нооруз Қапарбек уулы және Марат Шаменов — әрқайсысына 3 жыл пробациялық қадағалау; 
  • Исабек Әбдіғазиев, Абдулда Суранчиев, Торохан Тынымсейітов, Юрий Васильев — іс бойынша ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жазасыз қалдырылды; 
  • Асқарбек Шадиев мүлкі тәркіленіп, 3 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынып, 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
  • Сот сондай-ақ А.Атамбаев пен А.Шадиевті әрқайсысына 5 млрд 439 млн сом төлеуге міндеттеді.

Бұған дейін хабарланғандай, мемлекеттік айыптау Қырғызстанның бұрынғы президенті А.Атамбаевты 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 7 тамызында Қырғыз Республикасының мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасақ мамандары бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясын жүргізді

Алайда, оқиғаға Атамбаевтың жақтастары араласып, арнайы жасақты оның үйіне кіргізбеген. Атамбаевты ұстау үшін екінші рет әрекет жасаған кезде, жаппай тәртіпсіздіктер басталған. Қақтығыста адам шығыны болған.

Бұдан тыс, қырықтан астам адам зардап шеккен