Ақтөбе облысында Қазақстан — Ресей шекарасындағы «Әлімбет» автомобиль өткізу пунктін қайта жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Құрылыс жұмыстары жалпы аумағы 10,5 гектар аумақта бірнеше учаскеде қатар жүргізіліп жатыр. Нысанда 147 маман мен 39 арнайы техника жұмылдырылған. Жоба аясында әкімшілік ғимарат, тереңдетілген тексеруге арналған ангар, тексеру қалқалары, қызметтік көліктерге арналған гараж, автобус тұрақтары және 20 қызметтік итке арналған питомник салу көзделген.
Жобаның негізгі нысандарының бірі — заманауи инспекциялық-тексеру кешені. Жаңа кешен көлік құралдары мен жүктерді бақылаудың тиімділігін арттырып, ұзақ уақытты қажет ететін қолмен тексеру жүргізбей-ақ жасырылған заттар мен жүктерді анықтауға мүмкіндік береді.
«Әлімбет» өткізу пункті Қарғалы ауданында, Ресей Федерациясының «Орск» өткізу пунктіне қарама-қарсы орналасқан. Пункт 2003 жылдан бері жұмыс істейді, бірінші санаттағы көпжақты өткізу пункті мәртебесіне ие және тәулік бойы қызмет көрсетеді.
Жаңғырту нәтижесінде Қазақстан — Ресей шекарасындағы маңызды өткізу бағыттарының бірінің өткізу қабілеті едәуір артады. Бұл шекаралық бақылаудан өту уақытын қысқартуға, көлік ағынын жеделдетуге және азаматтар мен автотасымалдаушылар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Айта кетелік ел шекарасындағы 30 өткізу пункті жаңғыртылатыны туралы жазған едік.