Әлішер Әбдіқадыров Alatau City Authority мемлекеттік қорын басқарды
АСТАНА. KAZINFORM — Alatau City Authority мемлекеттік қорының бас атқарушы директоры (CEO) болып Әлішер Әбдіқадыров тағайындалды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Әлішер Әбдіқадыров мемлекеттік басқару, экономикалық даму және инвестициялық саясат саласында 15 жылдан астам тәжірибесі бар. Әр жылдары Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары, Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, Ұлттық экономика вице-министрі, Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
Alatau City Authority — Қазақстанның 2025 жылы «ілгерілей дамитын қала» деген арнайы мәртебе алған ауқымды әрі стратегиялық маңызды урбанистикалық жобасы — Алатау қаласын басқарудың және дамытудың кешенді моделін іске асыру үшін құрылған мемлекеттік қор.
Қордың міндеттеріне қала құрылысы және инвестициялық жобаларды үйлестіру, жеке және халықаралық инвесторларды тарту, қалалық кеңістікті басқарудың озық халықаралық тәжірибесін және технологиялық стандарттарды енгізу, сондай-ақ қаланың арнайы құқықтық мәртебесі аясында оның жұмысын қамтамасыз ету кіреді.
Қор инфрақұрылымды жоспарлау мен жаңғыртуға, қала құрылысы және инвестициялық қызметті дамытуға жауапты. Ол Алатауды «болашақ қаласы» ретінде орнықты әрі инновациялық дамытуға берік институционалдық негіз қалау мақсатында құрылған.
Бұдан бұрын Аида Балаева Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі лауазымына тағайындалғанын жазған едік.