ALTAI FEST: полиция 50 мыңнан аса көрерменнің қауіпсіздігін қамтамасыз етті

АСТАНА. KAZINFORM — Қатонқарағай ауданында «Алтай — түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: Polisia.kz

Ауқымды мәдени шараның шымылдығы Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің қатысуымен өткен гала-концертпен түйінделді. Аталған шараға Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен қатар, еліміздің өзге өңірлері мен шетелден келген 50 мыңнан астам көрермен жиналды.

Фестиваль күндері Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарып, қоғамдық тәртіпті сақтау және қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеді.

Фото: Polisia.kz

Гала-концерт өтетін күні адамдар көп жиналатын орындардағы қауіпсіздікке, жол қозғалысын ұйымдастыруға, көлік ағынын реттеуге және азаматтарға дер кезінде көмек көрсетуге баса назар аударылды.

Фестиваль аумағында жаяу және автопатрульдер, жол-патрульдік полиция қызметкерлері, сондай-ақ полицияның басқа да бөлімшелері жұмылдырылды.

Фото: Polisia.kz

— Іс-қимылдарды нақты үйлестіру және барлық қызметтердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде көлік қозғалысының кедергісіз өтуі, іс-шараның қауіпсіз әрі ондаған мың көрерменге қолайлы жағдайда өтуі қамтамасыз етілді. Барлық жауапты қызметтің тиімді өзара іс-қимылының арқасында ALTAI FEST халықаралық фестивалі оқыс оқиғасыз аяқталды. Бұл өз кезегінде ауқымды мәдени шараларды өткізу кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді, — делінген хабарламада.

Фото: Polisia.kz

Бұдан бұрын Kazinform тілшісі Катонқарағайға қалай жетуге, қайда баруға болатыны және туристерді қызықтыратын өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді.