Алтай ауданына жаңа әкім тағайындалды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданының әкімі болып Еркін Тұраров тағайындалды.

Фото: ШҚО әкімдігі

Ол 1986 жылдың 1 шілдесінде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Асубұлақ ауылында дүниеге келген.

2008 жылы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін «Сәулет өнері» мамандығы бойынша, 2020 жылы Қазақстан-Американдық еркін университетін «Экономика» мамандығы бойынша, 2025 жылы Халықаралық көлік-гуманитарлық университетін «Көлік құрылысы» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Жалпы еңбек өтілі – 18 жыл, оның ішінде мемлекеттік қызметтегі өтілі 15 жылды құрайды.

Еңбек жолын «Промстрой» ЖШС жобалау тобында сәулетші тағылымдамашы болып бастады. Өскемен қаласының құрылыс бөлімінде қызметтік сатының барлық деңгейінен өтті. Сондай-ақ «KazInvestStroy» ЖШС-ны басқарды.

2017-2022 жылдары Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары, бөлім басшысы лауазымдарын атқарды.

2022-2024 жылдары Өскемен қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы болып жұмыс істеді. 2024 жылдан осы уақытқа дейін ШҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасын басқарды.

Енді бүгіннен бастап Алтай ауданының әкімі лауазымын атқарады.

Айта кетейік, бұған дейін Алтай ауданының әкімі қызметін Ренат Құрмамбаев атқарған. Жуырда ол Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалып, ауыл шаруашылығы, ветеринария, жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелеріне жетекшілік ететіні хабарланған.