Жұма күні алтынның спот нарықтағы бағасы 2,1%-ға өсіп, 1 троя унциясы 3639,61 доллар болды. Сауда барысында өсім 3%-дан асты. АҚШ-та желтоқсан айында жеткізілетін алтын фьючерстері 2,9%-ға өсіп, 1 унцияның бағасы 3637,60 долларға тұрақтады.
Сәрсенбі күні 1 унция алтын бағасы 3426,35 долларға дейін төмендеген болатын, бұл 2025 жылдың тамыз айының соңынан бергі ең төменгі көрсеткіш. Бұған АҚШ инфляциясының деректері себеп болды, өйткені жаңа есептен кейін Федералдық резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемені одан әрі көтереді деген болжамдар айтыла бастады.
Алтын бағасының одан әрі өсуін доллардың нығаюы мен АҚШ қазынасына түсетін кірістердің артуы тежеп тұр. Атап айтқанда, доллар 22 айлық ең жоғары деңгейге жетіп отыр.
Сонымен қатар, Азияның ірі нарықтарында сары алтынға деген сұраныс осы аптада қалпына келді. Үндістанда зергерлік бұйымдар мен инвестициялық алтын сатып алу көрсеткіші артты, ал Қытайда бөлшек саудаға деген сұраныс жоғары күйінше қалып отыр.
Басқа бағалы металдар да оң серпін көрсетті. Күміс 4,7%-ға өсіп, 1 унциясы 43,44 доллар болды, платина бағасы 2,3%-ға өсіп, 1319,96 долларға тұрақтаса, ал 1,8%-ға өскен палладий 889,01 долларға дейін жетті.
Еске сала кетейік, Қазақстан қыркүйек айында бес тонна алтын сатып алғанын хабарлаған едік.
Қазақстан алтын өндіруден әлемдегі үздік 15 елдің қатарына кіреді.