«Алтын Дала» резерватына 14 жыл: қазақ даласына керқұландар қайта оралды

АСТАНА. KAZINFORM — «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватына биыл 14 жыл толды. Осы уақыт ішінде резерватта сирек жануарларды қорғау, табиғи экожүйелерді қалпына келтіру және керқұландарды қазақ даласына қайта жерсіндіру бағытында маңызды жұмыстар атқарылды. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мәлімдеді.

Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

Сала мамандарының айтуынша, резерват тарихындағы ерекше оқиғалардың бірі — керқұландардың қазақ даласына қайта оралуы. Ал Ботай мен Тұмардың дүниеге келуі табиғатты қалпына келтіру жолындағы маңызды жетістік.

Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

— Ғылыми зерттеулер, экологиялық мониторинг, жануарлар дүниесін қорғау және экологиялық туризмді дамыту — резерват қызметінің маңызды бағыттары, — делінген хабарламада.

Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

Осы жетістіктердің артында табиғатты қорғауға өз өмірін арнаған мемлекеттік инспекторлардың, ғылыми қызметкерлердің және бүкіл ұжымның қажырлы еңбегі жатыр.

Еске сала кетейік, керқұлан — Қазақстан аумағында мекендеген және Қазақстан далаларының табиғи мұрасының бір бөлігі. Алайда XX ғасырдың ортасына қарай бұл түр жабайы табиғаттан жойылып кетті. Оны қалпына келтіру халықаралық сақтау және реинтродукция бағдарламаларының арқасында мүмкін болды. Бүгінде Қазақстан осы бірегей түрді өзінің тарихи мекендеу ортасына қайтару бойынша ауқымды бағдарламаны жүзеге асырып жатыр.

2029 жылға дейін Қазақстанға 40 керқұлан жеткізіледі деп жоспарланған.