«Алтын-Емел» ұлттық паркінде сирек кездесетін тазқаралар фототұзаққа ілікті

АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысындағы «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орнатылған фототұзақ сирек кездесетін тазқара тобын тіркеді. Бұл бірегей кадрларды ұлттық парк қызметкерлері жариялады.

Видеодан алынған скрин

Ұлттық парктің мәліметінше, тазқара (Cinereous vulture)— ірі жыртқыш құс, негізінен өлексемен қоректенетін құстар тобына жатады. Қазақ тілінде «тазқара» атауы көбіне құмайлар мен лашынтәрізділердің кейбір өлексеқоректі түрлеріне қатысты қолданылады.

Тазқаралар — құстардың бір тобына жататын жыртқыш құстар. Оларды Vulture деп те атайды. Қанаты өте үлкен болып, кейбір түрлерінде 2,5–3 метрге дейін жетеді. Олар өте жақсы көреді, сондықтан өлексені алыстан байқап таба алады. Басы мен мойнында қауырсын аз немесе мүлде болмайды, бұл оларға қоректенген кезде таза болуға көмектеседі. Тазқаралар табиғатта «санитар» рөлін атқарады, себебі олар өлекселерді жеп, аурулардың таралуын азайтады.

Айта кетейік, бұған дейін Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында үш күшігімен (аланымен) жүрген ілбіс фототұзаққа қайта тіркелген болатын.