«Алтын-Емел» ұлттық паркінде сирек кездесетін жануарлар фототұзаққа түсіп қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Парк аумағында орнатылған фототұзақтар Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек кездесетін жануарлар бейнеге түсіп қалған.
«Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі табиғатты қорғау саласындағы маңызды нәтижемен бөлісті.
Атап айтқанда, осы маусымда фототұзақтарға қар барысы мен қарақұйрық (джейран) түсті. Бұл деректер аталған жануарлардың парк аумағында тұрақты мекендейтінін дәлелдейді және олардың сақталуына бағытталған шаралардың нәтижелі екенін көрсетеді.
— Фототұзақтар ғылыми зерттеулерге үлкен мүмкіндік береді. Олар жануарлардың жүріп өтетін бағыттарын, мекен ету аймақтарын анықтауға, популяция санын бағалауға және тиімді қорғау шараларын әзірлеуге көмектеседі.
Қар барысының фототұзаққа түсуі — ерекше оқиға, өйткені бұл жыртқыш Қазақстанда өте сирек кездеседі. Оның тіршілік ету аймағының нақты тіркелуі — еліміздегі биоалуандылықты сақтау жолындағы ілгері қадам, — делінген хабарламада.
«Алтын-Емел» ұлттық паркі алдағы уақытта да табиғи экожүйелер мен сирек түрлерді қорғау бағытындағы жұмыстарын жалғастыра бермек.
Айта кетелік Көлсай көлдері ұлттық паркінде қызыл кітапқа енген қар барысы фототұзаққа түсіп қалған еді.