Алтын медаль алуды көздедім, қола медальға көңілім толмайды – Екатерина Токарева

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық дзюдошы Екатерина Токарева Аичи мен Нагояда (Жапония) өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында қола медаль жеңіп алғаннан кейін жарыстағы өнері, қарсыластары және бұл жүлденің өзі үшін маңызы туралы айтып берді.

Фото: ҚР ҰОК

ҚР ҰОК мәліметінше, Токарева 78 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үшінші орын алды. Қола медаль үшін өткен белдесуде қазақстандық спортшы Иран өкілі Марьям Барбатты жеңді.

– Қазір қандай күйде екенімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Сан түрлі сезім бойымды билеп тұр. Медаль алғаныма қуаныштымын, бірақ бәрібір алтын алғым келді. Оны қатты қаладым. Кейде спортшы қатты қобалжып, өзіне тым көп жауапкершілік артып қояды. Өкінішке қарай, бүгінгі нәтиже осындай болды. Мен, ең алдымен, жапониялық спортшыға баса назар аудардым. Халықаралық оқу-жаттығу жиындарында онымен белдескенбіз. Екеуміздің күшіміз шамалас деуге болады. Сондықтан әуелі соған қарсы дайындалдым. Кореялық спортшымен де арамызда шешілмеген есеп бар еді. Жалпы, мұндағы қарсыластардың бәрі мықты. Ешқайсысы жеңісті оңайлықпен бере салмайды. Бұл салмақта маған аздап күш-қуат жетіспеген сияқты. Жағдайға байланысты салмағым сәл төмендеп кетті. Бүгін өзге спортшылармен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл болдым. Сондықтан кей тұста тәжірибеме сүйенуге тура келді, - дейді Екатерина Токарева.

Дзюдошы өзін жарысқа дайындаған бапкерлерге, жақындарына және жанкүйерлерге алғыс айтты.

– Шынымды айтсам, бұл медальді арнағым келетін адам көп. Ең алдымен, жеке бапкерлеріме арнаймын. Сондай-ақ ұлттық құраманың жаттықтырушыларына ерекше алғыс айтқым келеді. Мені дайындау үшін орасан зор жұмыс атқарылды. Қарсыластарымды жан-жақты зерттеп, әрқайсысымен өтетін белдесуге жеке дайындалдық. Әрине, медальді ата-анама және жақындарыма да арнаймын. Оқу-жаттығу жиындарында жүргенде олар мені ұзақ уақыт көрмей қалады. Ең алдымен, солардың үмітін ақтау үшін еңбек етіп жүрмін. Сондай-ақ жігітіме де арнаймын. Ол да мені ұзақ уақыт көрмейді, бәріне шыдап жүр. Нәтижеме келер болсам, қола медальға көңілім толмайды. Алтын алғым келді, оны қатты қаладым. Сондықтан жүз пайыз қуаныштымын деп айта алмаймын. Бұдан да жақсы өнер көрсете алар едім. Дегенмен бүгін бұдан артық нәтиже көрсету қолымнан келмес те еді. Қазіргі мүмкіндігімнің шегі осы болды. Әлі де белдесуден кейінгі әсерден толық арыла қойған жоқпын. Сондықтан әзірге ойымды жинақтап, сөз сөйлеу қиын. Маған жанкүйер болған барша адамға алғыс айтамын. Бапкерлеріме, тәлімгерлеріме, жанкүйерлерге және бүкіл Қазақстанға рақмет! Бұл - бәрімізге ортақ жетістік. Ендеше, қуанышымызды бірге бөлісейік. Мен үшін бұл медаль, ең алдымен, атқарылған еңбектің нәтижесі. Қазір қол жеткізген жетістігіме толық қанағаттанатындай деңгейге жеткен жоқпын. Егер алтын медаль алғанда, «Иә, жарадым, бұл шынымен де үлкен жетістік» дер едім. Алға қойған мақсаттарым мен арманым әлі де көп. Кейде солардың бәрін орындау да қиынға соғады. Кейде өзіме өзім кедергі келтіріп, ішкі ойларыммен арпалысып кететінімнің бір себебі де осы шығар. Үздік болуға деген шектен тыс ұмтылысым әлі басылған жоқ. Бұл медаль маған жігер беріп, бұдан да биік белестерді бағындыруыма серпін болады деп сенемін, - деді спортшы.

Эльмира Сыздықова күрестен Азиаданың күміс жүлдесін иеленгенін жазған едік.