Алтын ұрлады деп азаптау оқиғасы: Сот ҰҚК бұрынғы қызметкерлеріне қатысты жаңа шешім шығарды

АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы ҚР Әскери соты Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрт қызметкерінің аппеляциялық шағымын қарады. Сондай-ақ сот отырысы барысында жеке қаулы қаралды.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Айыпталушылар Еркін Аманов, Хамит Әбуғали, Қайрат Сартаев және Қуандық Мұхтарханов Ақмола гарнизонының әскери сотында шығарылған шешіммен келіспейтініне шағымданған еді. Олар тек бұйрықты ғана орындаған. Ал пәрмен берген бастықтар бостандықта жүр.

Естеріңізге салсақ, 22 сәуірде сот подполковник Еркін Амановты 6,5 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Майор Хамит Әбдуғани мен капитан Қайрат Сартаев 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Ал «Астана» шекаралық бақылау басқармасының маманы Қуандық Мұхтарханов 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бүгін Әскери сотта Еркін Амановтың жазасын жеңілдету бойынша шешім шығарылды. Оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Себебі, ол әрекетіне шын өкініп, тіпті жәбірленуші тараптың туыстары да кешірімді қабыл алған болатын. Ал қалған 3 сотталушының жазасы өзгерген жоқ.

Сот отырысы барысында жеке қаулы қаралып, сот оны қанағаттандырды. Қаулы 2024 жылғы 4 маусымнан бастап күшіне енді. Оған сәйкес, прокуратура бұл іске қатысты тағы да тергеу жұмыстарын жүргізіп, сот процесінде есімдері аталған басшылар жауапқа тартылуы мүмкін.

Осыған дейін ҰҚК бұрынғы қызметкерлері үкімді жеңілдетуді сұрағанын жазғанбыз.