«Алтыналмас» Майқайың халқының өзекті мәселелерін шешуге ынталы

Фото: Фото: Мұрат Аяған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - «Алтыналмас АК» компаниясы Майқайыңның «Шанхай» шағын ауданындағы ескі үйлердің мәселесін шешуге белсене кірісіп жатыр. Жергілікті тұрғындар кәсіпорынның талпынысына қарап, ұзақ уақыттан бері жұртты алаңдатып келген түйін көп кешікпей тарқайды деген үмітте.

Түсініктірек болуы үшін айтып өтейік, «Майқайыңалтын» АҚ орналасқан Майқайың кентіндегі кеніштің дәл түбінде тұрғындардың үйлері орналасқан. Шахтаның санитариялық-қорғау аймағына еніп тұрған баспаналардың тұрғындары былтыр өздерін қауіпсіз жерге көшіруді өтінген еді.

Баянауыл ауданы әкімдігінің мәліметінше, бұл жерде шамамен 76 үйді көшіру керек. Атап айтқанда, Алтын дала көшесінде - 30 үй, Кенжебаев көшесінде - 7 үй, Кенші көшесінде - 18 үй, Ә. Молдағұлова көшесінде - 19 үй, Жаяу Мұса көшесінде - 2 үй қауіпті аймақ өтінде тұр. Оларда жалпы саны 270-тен астам адам адам тұрып жатыр.

Жуықта «Алтыналмас АК» АҚ «Майқайыңалтын» АҚ-ның жарғылық капиталындағы 100% үлесін сатып алу мәмілесін сәтті аяқтағаны туралы жазғанбыз.

Кәсіпорынның «Алтыналмас» компаниялар тобына қосылуы оның тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттырады және тау-кен өндірісін тиімді жалғастыруға жағдай жасайды деп күтілген еді.

Шынында жаңа иесі кенттегі әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге қазірден-ақ кірісіп кетті. «Шанхай» шағын ауданы тұрғындарының базынасын естіп білген акционерлік қоғам басшылығы 24 сәуір күні Майқайыңға арнайы келіп, аталған аумақ тұрғындарымен кездесу өткізді. Жұртшылықпен жүздесуге жақында ғана «Майқайыңалтын» АҚ бас директоры болып тағайындалған Даниал Нәбиев, «Алтыналмас» компаниясының іс басқару директоры Гүлнұр Халетова, қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Нұрбике Рахимова, қоғаммен қарым-қатынас жүргізу маманы Темірлан Мәдиев және Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев пен кент басшысы Ербатыр Молдатаев қатысты.

Кездесуде толғағы жетіп тұрған «Шанхай» шағын ауданының мәселесі бойынша көпшіліктің ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды.

Фото: Мұрат Аяған

- Құрметті тұрғындар, «Алтыналмас» компаниясы кенттегі алтын кәсіпорнын жуықта ғана сатып алғандықтан жергілікті жердегі кейбір мәселелер бізге беймәлім болуы мүмкін. Компаниямыз «Майқайыңалтын» АҚ-да бұрын болған кейбір жайттар үшін жауапты бола алмайтынын да түсінулеріңіз керек. Біздің мақсатымыз – кәсіпорынды дамыта отырып, кент тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру. Бүгінгі кездесуіміздің мәні де осында. Ең әуелі сіздерді нендей мәселелер толғандыратынын білгіміз келеді. Ұсыныс-тілектеріңіздің нәтижесін жинақтап, біз «Алтыналмас» басшылығына ұсынамыз. Одан әрі талдап, ең нақты әрі дұрыс шешімдерді жария етеміз. Шахтаның санитариялық-қорғау аймағындағы ескі баспаналардың тұрғындарына өзге жерден үйлер салып береміз бе, әлде оларды сатып алып, тиісті деңгейде құнын өтеп береміз бе, соны сіздермен бірлесіп ақылдасуымыз керек. Мен сіздердің жанайқайларыңызды жақынырақ, тереңірек білсем деймін. Бұл алдағы мәселелерді шешу үшін аса маңызды, - деді Даниал Нәбиев.

Кәсіпорын басшылығының халыққа жанашырлық ниеттерін байқаған кент тұрғындары шешіліп сөйледі. Олардың сөзінше, «Шанхайдағы» үйлердің дені сонау 50-60-шы жылдары саман кірпіштен тұрғызылған. Кейін кейбір отбасылар олардың іші-сыртын қаптап, баспаналардың «өмірін ұзартуға» тырысқан.

Фото: Мұрат Аяған

- Кеніштің жер астында кен жару жұмыстары көптеген жылдар бойы үзбей жүргізіліп келеді. Әр жарылыс кезінде үйіміз опырылып түсіп, бала-шағамызбен опат боламыз ба деп қорқамыз. Жанымызды шүберекке түйеміз. Жарылыс салдарынан үйлеріміздің сылағы түсіп, іргетасы, қабырғалары жарылып жатыр. Алтын кәсіпорнының гүлденуіне ата-аналарымыз бар өмірлерін арнады. Қартайған шақта дұрыс баспанаға қол жеткізіп, бейнетінің зейнетін көргісі келеді. Өкінішке қарай, ол бақыт біздің аға буын үшін әзірше бұйырмай тұр. Кейбір үйлер апаттық жағдайда. Олардың тұрғындары амалсыздан балаларының, туыстарының үйлерін жағалап көшіп кетті. Енді бірі орталықтағы пәтерлерді жалдауға мәжбүр. Ал қауіпті аймақта тұрып жатқан тұрғындардың барар жері, басар тауы жоқ. Отбасылардың тұрмыстары қарапайым, көбі зейнетақыға қарап отырған жандар,-деп мұңын шақты жергілікті тұрғын Асқар Айтмағамбетов.

Тәжік-ауған соғысының ардагері Төлеген Ботаев – көпбалалы отбасының отағасы. Айтуынша, үйінің іргетасы қақырап, сөгіліп барады. Егер кәсіпорын оның баспанасын сатып аламыз десе, ол тұрғын үшін тиімді емес.

«Үй деген аты ғана. Әбден тозып, құлағалы тұр. Оны ақшаға сатып пұлдау мүмкін емес. Ертең бағалаушылар нысанның жағдайын көргенде өзге жерден үй сатып алуға жетерлік ақша ұсынбайтыны анық. Сондықтан менің тілегім –үй салып беріңіздер»,- деген нақты ұсынысын жеткізді ол.

Оның сөзін ақсақал Атшабар Алтыбай да қостады. Қарияның үйіндегі екі бөлменің ішінде ағаш тіреулер тұр. Төбесі құлап кете ме деген қауіппен отбасы мүшелері тіреу қойылмаған өзге бөлмеде ұйықтап жүрміз деп мұңын шақты.

«Бұл үйден өзге барар баспанамыз жоқ. Жыл сайын үйімізді жөндей-жөндей шығынға баттық. Менікіндей көне үйлер «Шанхайда» өте көп. Ақша бергендеріңізбен жаңадан үй салып алатын қуат қалған жоқ. Жаңадан баспана салып берсеңіздер, аймақтан көшер едік», - деген пікірін білдірді қарт.

Енді бір тұрғындар өз үйлерін қымбат материалдар қолданып, зәулім етіп қайта салғандарын, сондықтан аймақта тыныш қала беруге рұқсат беріңіздер деген тілектерін айтты.

Тұрғындардың айтуынша, орталықтағы ең жақсы үйлердің құны 25 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Мүлікті бағалаушылар олардың үйлеріне ондай баға ұсынбауы мүмкін, сондықтан аймақта қала беруге ниетті.

«Үйімізді тастап кетуге де, бұзуға да қимаймыз. Өмір бойына тұрып келген соң әп-сәтте босатып кетіп қалу ойымызға сыймайды. Бау-бақша егеміз, жазда қаладан немерелеріміз келіп аулада ойнайды. Енді бір тұрғындар ауыл шеті болған соң мал ұстап, ағарғандарын айырып отыр. Кәсіпорынның жаңа иелері бұл мәселені тұрғындармен келісе отырып, барлығына тиімді болатындай етіп шешкені жөн деп білемін», деп қосты өз ұсынысын зейнеткер Айман Мұқсинова.

Фото: Мұрат Аяған

Ал майқайыңдық әжей Кәжен Сынғадолла былтырдан бері көпқабатты үйдегі пәтерге көшіп кеткенін айтады. «Шанхайда» ескі жер үйі қалып отыр. Ғимарат жекеменшігі болған соң кәсіпорыннан өтемақы талап етуге құқылы. «Ең дұрысы, менің ескі үйімді бағалап, қолыма қаражат берсеңіздер соған қанағат етемін. Менің бұл пікірімді осында отырған тұрғындардың біразы қолдайды. Себебі олар қаражатты өзге қолайлы жерден пәтер сатып алуға жұмсаймыз деп шешім қабылдады»,-дейді ол. 

«Алтыналмас АК» өкілдері санитариялық-қорғау аймағында орналасқан 76 үй иелерінің әрқайсымымен жеке-жеке сөйлесілетінін жеткізді. Бұл жерде үйдің жағдайы ғана есепке алынбайды, көлемі, жер телімі, ауласы, бәрі-бәрі бағалау критерийлерінде көрсетіледі.

Бұған дейін Ақмола облысындағы Ақсу кентінде орналасқан біздің компанияға тиесілі кәсіпорын айналасында осындай мәселе туындаған. Тұрғындармен келісім бойынша, тәуелсіз бағалау компаниясының көмегімен 2020 жылдан бастап біз қауіпті аймақта орналасқан 202 үйді бағалап, сатып алдық. 2025 жылдың басынан бері 42 үй сатылып алынды. Барлық үй иелері ұсынылған бағаға қанағаттанды. Қазір ол жердегі мәселе шешімін тапты. Бізге әр үй иесінің шешімі маңызды. Егер ақшалай төлемге келіссе, екі күннің ішінде барлық ресімдерді жүргізіп, есепшотына қаражатты аударып береміз. Компанияға бұл үйлердің жері керек деген де қате ұғым. Кенішке жақын тұрған үй тұрғындары өздерін қауіпсіз сезінуі керек. Ал олар өзге жерге көшеміз десе, біз өз қаражатымыздың есебінен әлгіндей ұсыныстарды жасап отырмыз. Ал таңдау әрқашан өз еріктеріңізде, - деп атап өтті олар.

Осылайша қазіргі уақытта «шанхайлық» үй иелерінің пікірі үшке жарылып тұр. «Алтыналмас АК» АҚ басшылығы тек «Шанхай» ғана емес, тұтас кенттің әлеуметтік-инфрақұрылымдық жағдайын дамытуға ынталы екенін білдіріп отыр. Бұл үшін компания алдағы уақытта облыс әкімдігімен әлеуметтік жауапкершілік бойынша арнайы меморандумға отыруды ойға алған. Жергілікті қоғаммен тұрақты кездесулер өткізіліп, онда тұрғындардың қолайлы өмір сүру жағдайларын жасауға бағытталған басым қажеттіліктер анықталады. Бұдан бөлек, кеніш пен елді мекен арасында шаң-тозаңды тұтып қалатын, табиғи тосқауыл қызметін атқаратын «жасыл белдеу» құру көзделген. Тек биылдың өзінде 600 қайың мен 700 қарағаш көшеттері егіледі деп жоспарланған.