«Алтыналмас АК» компаниясы «Майқайыңалтынды» сатып алу процесін аяқтады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — «Алтыналмас АК» АҚ «Rense Enterprises Limited»-ке тиесілі болған «Майқайыңалтын» АҚ-ның жарғылық капиталындағы 100% үлесін сатып алу мәмілесін сәтті аяқтады.

Кәсіпорынның «Алтыналмас» компаниялар тобына қосылуы оның тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттырады және тау-кен өндірісін тиімді жалғастыруға жағдай жасайды деп күтіліп отыр.
Былтыр сәуір айында «Майқайыңалтын» АҚ акционерлері мен «Алтыналмас АК» АҚ арасында келісім орнағаннан кейін кәсіпорынға «Алтыналмас» тобының жоғары білікті мамандары тартылғаны мәлім. Олардың басты міндеті — апат салдарын жою, өндірістік қуаттылықтарды қалпына келтіру, инфрақұрылымды жаңғырту және барлық процестерді жоғары қауіпсіздік стандарттарына сәйкестендіру болды.
— 2024 жылдың тамыз айында кәсіпорында құрылыс-жөндеу жұмыстары басталды, ал қазан айында «Майқайыңалтын» АҚ кенорны қызметін қайта жандандырып, қараша айына қарай жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізді. Бұған қоса, бетон толтырмалау кешені іске қосылып, қызметкерлердің әкімшілік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Келешекте өндірісті одан әрі жаңғырту және еңбек тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған инновациялық технологияларды енгізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта кәсіпорында өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыру, өндірістік әлеуетті дамыту, сондай-ақ қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсарту және әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде компания қызметкерлерінің 95%-ы — аймақтың жергілікті тұрғындары, - деп хабарлады «Алтыналмас АК» компаниясынан.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы 4 қаңтарда Павлодар облысындағы Майқайың алтын кенішінде ішінде адамдар бар автобус жер астына түсіп кетті.
Апат болған күні оқиға орнынан екі құтқарушының мүрдесі табылды.
Кейін құтқарушылар топырақтың жиі қозғалуына байланысты жерді қазу жұмыстарын тоқтатты.
Ал мамыр айында Майқайың алтын кенішінде қос құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданды.
19 шілдеде Майқайыңда алты айдан соң үшінші құтқарушының мүрдесі табылған еді.
25 шілде күні Майқайыңдағы ойыққа түсіп кеткен автобус табылып, жердің астына түсіп кеткен соңғы адамның денесі жоғарыға шығарылды.
Кейін Елорда соты құтқарушылардың өліміне жұмыс беруші тарап кінәлі деп таныды.
Опат болған бір құтқарушының отбасы жұмыс берушіден 120 млн теңге өндіріп алды.
Қыркүйек айында кеніштегі апатқа кінәлі ретінде 6 адам қамауға алынғаны туралы жазған едік.
Күдіктілер кейін үйқамаққа жіберілді.
Кейін сот «Майқайыңалтын» кенішінде қаза болған құтқарушының ісі бойынша моралдық өтемақыны төрт есе кемітті.
2024 жылдың соңында Павлодар облысының әкімі Майқайыңдағы апаттық үйлер тұрғындарына жаңа баспана салынатынын мәлім етті.
Биылғы ақпан айында Майқайың кенішіндегі апатқа кінәлі тұлғалардың алғашқыларына үкім шығарылды.
Ал, жақында Павлодар облысының билігі Майқайыңда апатты аймақта тұрып жатқан 273 адам қалай көшіретіні туралы алдын ала жоспарларын жария етті.