Майқайың кенішіндегі апат: күдіктілер үйқамаққа жіберілді

майқайың
Фото: Kazinform/М.Аяғанов

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - «Майқайыңалтын» АҚ мен оған қарасты жерасты кенішінің бұрынғы басшылары сот шешімінен уақытша ұстау изоляторынан босатылып, үйқамаққа жіберілді. Олар тергеу амалдары аяқталғанша үйлерінде болады.

«Майқайыңалтын» АҚ-ның бұрынғы бас директоры Қуаныш Ботин, директордың бірінші орынбасары Қанат Баширов, орынбасары Иван Терешков, Майқайың жер асты кенішінің директоры Андрей Шувалов пен оның орынбасары Берік Назыров, кеніштің бас инженері Дінмұхамед Қайыпқанұлы кеше соттың шешімінен уақытша ұстау изоляторынан босатылды. Тергеу амалдары аяқталғанша олар үйқамақта болады.

Бұл туралы Павлодар облысының Полиция департаменті хабарлады.

«Павлодар облысының полициясы тау-кен және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу шеңберінде «Майқайыңалтын» АҚ-ның алты жауапты қызметкері ұстап, Павлодар қалалық полиция басқармасы уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған еді. Сот органының шешімінен ұсталғандарға қатысты үйде қамауда ұстау шарасы тағайындалды», - деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметінен.

Бұған дейін Майқайың кенішіндегі апатқа кінәлі ретінде 6 адам қамауға алынғаны туралы жазған едік.

Еске сала кетейік, 4 қаңтарда Павлодар облысындағы Майқайың алтын кенішінде ішінде адамдар бар автобус жер астына түсіп кетті. 

Апат болған күні оқиға орнынан екі құтқарушының мүрдесі табылды. 

Кейін құтқарушылар топырақтың жиі қозғалуына байланысты жер қазу жұмыстарын тоқтатты.

Ал мамыр айында Майқайың алтын кенішінде қос құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданды. 

19 шілдеде Майқайыңда алты айдан соң үшінші құтқарушының мүрдесі табылған еді. 

25 шілде күні Майқайыңдағы ойыққа түсіп кеткен автобус табылып, жердің астына түсіп кеткен соңғы адамның денесі жоғарыға шығарылды. 

Кейін Елорда соты құтқарушылардың өліміне жұмыс беруші тарап кінәлі деп таныды. 

Опат болған бір құтқарушының отбасы жұмыс берушіден 120 млн теңге өндіріп алды. 

Соңғы жаңалықтар
telegram