Алуа Балқыбекова: Азия ойындарында чемпионы болу арманым орындалмады

НАГОЯ.KAZINFORM — Қазақстандық боксшы Алуа Балқыбекова Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында қола жүлдемен жарыс жолын аяқтады. Спортшы жартылай финалдық жекпе-жектен кейін Kazinform тілшісіне шағын сұхбат беріп, жарыс нәтижесі туралы пікір білдірді.

Фото: Нұрғали Жұмағазы

Отандық боксшы жеңіс үшін бар күшін салғанын айтты.

- Азия ойындарына жақсы дайындықпен, жеңіс үшін келдік. Физикалық және тактикалық тұрғыда толық дайын болдық. Алайда, қазір командадағы жағдай күрделі, өткен жепе-жектерде қыздарымыз жеңіліп қалды. Елімізге алтын медаль сыйлаймын, алғашқы Азия ойындары чемпионы атанамын деп армандадым. Өкінішке орай қолымнан келмеді. Бұл маған тәжірибе және сабақ болды. Себебі, алда тағы әлем чемпионаты, Азия чемпионаты сияқты лицензиялық додалар бар,- деді ол.

Спортшы қарсыласы және төреші шешімі туралы пікір білдірді.

- Қарсыласым туралы жақсы білемін. Алайда, осыған дейін басқа салмақта болғандықтан кездеспедік. 48 келі салмақта Назым Қызайбаймен жұдырықтасып, жеңіске жеткен. Әлем және Азия чемпионаттарында жоғары нәтиже көрсетіп жүрген тәжірибелі спортшы. Ал төрешілер жәйлі айтар болсам, рингте есепке назар аударуға уақытым болмады. Себебі мен тек жеңіс үшін жұдырықтастым, бапкерлерім берген тапсырманы және тактиканы жақсы орындауға тырыстым,- деді Алуа.

Сөз соңында, қазақстандық боксшы қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғыс айтып, алдағы байрақты додаларға мықты болып оралуға сенім білдірді.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Алуа Балқыбекова Азия ойындарының әйелдер арасында 51 келі салмақта жартылай финалда вьетнамдық Ти Та Нгуеннен жеңіліп, қола жүлде жеңіп алды.

Сонымен қатар, қазақстандық боксшылар Махмуд Сабырхан (55 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Наталья Богданова (75 келі) және Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) бүгін жартылай финалда өнер көрсетеді.