AMANAT атынан сайланған мәслихат депутаттары жұмысын жалғастырады

АСТАНА. KAZINFORM – «Әділет» партиясының Саяси кеңес бюросының мүшесі Рауан Кенжеханұлы «AMANAT» партиясының «Әділетке» қосылуы туралы саяси шешім қабылданғанымен, оны заңдық тұрғыдан рәсімдеу белгілі бір уақытты қажет ететінін айтты.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Оның сөзінше, бір ірі саяси партияның екіншісіне қосылуы бір күнде аяқталатын процесс емес.

— Алдымызда ауқымды заңдық, әкімшілік, шаруашылық және ұйымдастырушылық жұмыстар тұр. Сондықтан AMANAT партиясы заңды тұлға ретінде белгілі бір уақыт өмір сүре береді. Осы кезеңде барлық қажетті рәсім жүргізіледі, — деді Рауан Кенжеханұлы.

Сондай-ақ ол бірігу рәсімі аяқталғанға дейін AMANAT атынан сайланған мәслихат депутаттары өз қызметін заңды негізде жалғастыра беретінін атап өтті.

— Бүгін AMANAT партиясының «Әділет» партиясына қосылуы туралы саяси шешім қабылданды. Алайда бұл үдерісті заңдық тұрғыдан рәсімдеу белгілі бір уақыт алады. Осы уақыт аралығында AMANAT атынан сайланған депутаттар толықтай легитимді болып қала береді, — деді ол.

Рауан Кенжеханұлының пікірінше, бірігу рәсімін шамамен бес-алты ай ішінде аяқтауға болады.

— Бұл процесс бір-екі жылға созылады деп ойламаймын. Біздің міндетіміз — оны бес-алты айдың ішінде аяқтау, — деді саясаткер. 

Айта кетелік «Әділет» партиясы өңірлік жұмысты күшейтпек.