Аманжол Әлтай «Қаладан — ауылға» атты бағдарламаны қолға алуды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жастарды ауылда тұрақтандыру үшін «Қаладан — ауылға» атты бағдарламаны қолға алуды ұсынды.
— «Қаладан — ауылға» деген бағдарлама керек бізге. Жастарды қаладан ауыл тарту үшін не істеу керек? Осының бір стратегиялық ұзақ мерзімді жоспарын жасауымыз қажет. Әрине, жастар бару үшін ең бірінші баспана мәселесін шешу керек. Қазір ауылдағы көпбалалы аналар секілді арнайы санаттарды мемлекет есебінен баспанамен қамту тәжірибесі бар. Ол дұрыс. Енді бізге ауылға көшіп барған немесе ауылдағы жас мамандарды баспанамен қамтудың жолдарын қараған дұрыс, — деді депутат Мәжілістегі дөңгелек үстелде.
Аманжол Әлтай ауылдардағы медициналық мекемелерді техникамен жабдықтау мәселесінде алалау бар екенін атап өтті.
— Ауылды кемсіту бар бізде. Оған бірнеше дәлел айтуға болады. Мысалы, Денсаулық сақтау саласында «жедел жәрдем» көліктері бірінші облысқа бөлінеді. Облыстан сәл ескіргендерін аудандарға береді. Аудандар әбден жүруге жарамай қалған, анау кеңес заманындағы, «металлолом» болып қалған көліктерді көзалдау қылып ауылдарға береді. Қай ауылға барсаңыз да, дәрігерлер науқасты аудан орталығына жеткізе алмай жанталасып жүргенін көресіздер, — деді Мәжіліс депутаты.
Ұлттық экономика министрлігінің дерегі бойынша, кейінгі он жылда Қазақстан картасынан 572 ауыл жойылған.