Алдағы үш жылда 8 шекаралық ауыл картадан жойылып кетуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі он жылдың ішінде Қазақстан картасынан 572 ауыл жойылған. Алдағы 3 жылда олардың қатарына тағы 546 ауыл қосылуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің Kazinform сауалына жолдаған жауабында айтылған.

— 2014-2024 жылдар аралығында елімізде 572 ауылдық елді мекен
қысқартылған. Қазақстан Республикасы әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» ҚР Заңының талаптарына сәйкес, халық саны 50 адамнан кем ауылдардың қысқаруы орын алып, жақын маңдағы елді мекеннің құрамына енгізіледі. 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша елде тұрғындарының саны 50 адамға жетпейтін 546 ауылдық елді мекен бар. Оның ішінде 8-і стратегиялық (шекарадан 25 км қашықтықта орналасқан) ауылдық елді мекен, - деп жазылған ресми мәліметте.
Заң бойынша болашағы бұлыңғыр ауылды әлеуеті жоғары іргелес елді мекенге қосу үшін 3 жыл қатарынан тұрғын саны 50-ден төмен болып тұруы керек.
— ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» ҚР Заңының 14-2 баптың талаптарына сәйкес, үш жыл бойы заңның 3-бабында белгіленген демографиялық талаптарға сай келмейтін ауыл немесе кенттің статусын өзгерту көзделген. Бұл уақытша шектеулер жиі ауысып тұратын елді мекендердің санаттарын өзгерту мүмкіндігін болдырмау және жергілікті атқарушы органдарға елді мекендерді дамыту бойынша шаралар қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында белгіленген, — деп жазады министрлік мамандары.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың мәліметі бойынша, шекара маңындағы 100-ге жуық мектепте интернет сапасы нашар.