Шекара маңындағы 100-ге жуық мектепте интернет сапасы нашар

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мектептерінің 85 пайызы жоғары жылдамдықты, сапалы интернетпен қамтылған. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкіметтегі брифингте айтты.

интернет-мошенники
Фото: Canva

Министрдің айтуынша, шекара маңындағы мектептерді ғаламтормен қамтуда мәселе туындаған.

 — Жоғары жылдамдықты дегеніміз кемінде 20 мегасекунд, өйткені бұған дейінгі көрсеткіш 4,8 еді. Оның ішінде шалғайдағы 94 ауылда жылдам, сапалы интернетті қамтамасыз ету мүмкін болмай отыр. Ол мәселе Цифрлық даму министрлігімен бірге шешіліп жатыр. Оның басты себебі — 94 ауыл мектебі шекара маңында орналасқан. Ол жерге Starlink жеткізіп көрдік, бірақ шекарада орналасқандықтан оның жұмысына кедергілер бар екенін көрдік. Сондықтан мәселені басқа жолмен шешу қарастырылып жатыр, — деді Ғ. Бейсембаев.

Дей тұрғанымен, осы жұмыс барысында тағы да 136 ауыл мектебінің мәселесі талшықты-оптикалық желі тарту арқылы шешіліп жатыр.

 — Бұл жұмыстар біздегі барлық мектептерді жоғары сапалы интернетпен қамтамасыз ету үшін жүріп жатыр, — деді министр.

Айта кетейік, ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде 2027 жылға дейін 180-ге жуық мектеп салу жоспарланған. Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қоса алғанда, ауылдарда 42 мектеп пайдалануға берілді.

Еліміздегі 8 мыңға жуық мектептің 67% немесе 5247-сі — ауыл мектебі. Оқушылардың 40% ауыл мектебінде білім алады.

Сондай-ақ, елімізде үш ауысымды, апатты мектептердің басым бөлігі ауылдарда байқалып отыр.

 

Соңғы жаңалықтар