Америкалық екі дос тау шыңында шахмат ойнап, әлемдік рекорд орнатты

АСТАНА. KAZINFORM — Екі дос 6276,7 метр (20 593 фут) биіктікте шахмат ойнады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі Guinness World Records дерегіне сілтеме жасап.

Фото: guinnessworldrecords

32 жастағы Адам мен 44 жастағы Джошуа 31 наурызда Эквадордағы сөнген Чимборасо жанартауының 6 276,7 метр биіктігіне көтеріліп, сол жерде шахмат ойнаған. Осы ерекше бастамасы арқылы олар шахматты ең биік жерде ойнаған адамдар ретінде рекорд орнатуды көздеді.

Айта кетейік, рекорд орнатуға бел буған қос дос бұған дейін де түрлі жерлерде шахмат ойнап, бірнеше альпинистік экспедицияға қатысу арқылы үлкен биіктіктегі ойынға тыңғылықты дайындалған.

Адам мұндай биіктікке көтерілу өзіне біршама жеңіл болғанын жасырмады.
Өйткені ол — ультрамарафонға кәсіби деңгейде қатысатын спортшы.

Адамның айтуынша, экспедицияға қатысушылардың басым бөлігі түрлі себептермен межелі жерге жете алмай, кері қайтуға мәжбүр болған. Ал ол Джошуамен бірге қолайсыз ауа райына қарамастан, бірнеше қауіпті асудан өтіп, тау шыңына көтерілген.

Қос дос алдыңғы рекордтан 60,96 метрге (200 фут) асып түсті. Бұған дейін бұл көрсеткішті 2024 жылғы 17 қыркүйекте Непалдағы Путу-Хьюнчули шыңында 6 216 метр биіктікте шахмат ойнаған британиялық Тим Мо мен Нил Лотон тіркеген еді.

Сонымен қатар бұған дейін 2026 жылы тіркелген Гиннестің ең ерекше 10 әлемдік рекорды туралы жазған едік.