Америкалықтар қазақ әскерилерінің шыдамдылығына таң қалды

Фото: Фото: Рауан мен Дарханның жеке архивінен

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық әскери қызметші АҚШ-тың Аризона штатында рекорд орнатқан еді

ыл сайын өтетін Best Warrior байқауына қатысқан қос әскери Kazinform тілшісіне сұхбат беріп, жарыстан жинаған тәжірибелерімен бөлісті.

Кемп Навахо әскери базасында ұйымдастырылған бәсекеде Қазақстанның намысын 54835-А әскери бөлімі батальонының 3-сыныпты сержанты Дархан Аслан мен 18404 әскери бөлімі ротасының 3-сыныпты гвардия сержанты Рауан Тоқтарбеков қорғаған еді. 800 метр қашықтықты 2 минут 5 секундта жүгіріп өтіп, рекорд орнатқан Дархан Аслан бұл жарысқа дайындалу аса қиынға түспегенін айтады.

— Біз әскери қызметкер болғандықтан, жүгіру — біздің күнделікті істейтін жұмысымыз. Ал өзге жарыс түрлеріне біз 1 айдай дайындалдық. Өйткені АҚШ әскерилерінің физикалық нормативтері біздікіне қарағанда өзгешелеу. Сол себепті олардың нормативтеріне сай жаттығуларына көбірек дайындалдық. Іріктеуден өткеннен кейін 1 айдан кейін осы жарысқа баратынымызды айтты. Сол сәттен-ақ өзімізді моральдық тұрғыдан дайындадық. Еліміздің намысын қорғау керек болды. Қарулас досымыз екеуіміз бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, 10 күн қалғанда бірге дайындалдық, — дейді 3-сыныпты сержант.

Фото: Рауан Тоқтарбековтің жеке архивінен

Ал мәре сызығын отандасынан 5 секундқа кешігіп кескен Рауан Тоқтарбеков сайысты екінші болып аяқтаған. Осылайша, қазақстандық қос жауынгер шашасына шаң жұқтырмай, қарсыластарын басып озды. 18404 әскери бөлімі ротасының 3-сыныпты гвардия сержанты биылғы жарыстың ерекше болғанын айтады.

— Бұл байқаудың басты мақсаты — екі елдің ынтымақтастығын нығайтып, тәжірибе алмасу. Бұған дейін АҚШ-тың Аризона штаты мен біздің Қазақстан Қарулы Күштерінің арасында бұл жарыс жыл сайын ұйымдастырылатын. Бірақ биыл ерекше күрделі болып өтті. Себебі бізден бөлек тағы 5 мемлекет пен АҚШ-тың 7 штаты бақ сынады. Жарыс өзге елде болса да, бұл бізге аса қатты әсер ете қойған жоқ. Өзге елдің әскерилері біздің шыдамдылығымызға тәнті болды, — дейді Рауан Тоқтарбеков.

Фото: Рауан Тоқтарбековтің жеке архивінен

Әскерилер елімізде тұрақты түрде өтетін «Әскер тарланы» сайысының былтырғы үздіктері. Солай, олар Best Warrior байқауына қатысып, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды. Сарбаздар қос елдің әскерилерді дайындауда өзіндік ерекшеліктері бар екенін айтады.

— Ол жақта көбінесе жақын қашықтықта бақ сынайды. Күштік жаттығуларға басымдық беріліп, физикалық тұрғыда өте көп машықтанады екен. Бірақ ондай жаттығулар бізде де қолданылады. Дегенмен тәжірибеде олар секілді жиі пайдаланбаймыз. Тәжірибе алмасу барысында олар біздің төзімділігімізді назарына алды деп ойлаймын. Себебі біздің нормативтеріміздің басым бөлігі шыдамдылыққа үйретеді, — дейді олар.

Қазақстандық жауынгерлер өзге елдің әскерилерін шыдамдылығымен тәнті етіп те үлгеріпті.

Фото: Дархан Асланның жеке архивінен

— Олар көбінесе күшті қажет ететін жаттығуларды орындайды. Ал біз шыдамдылыққа дағдыланамыз. Олар біздің дене бітімімізге қарайды. Біз олар секілді емеспіз. Бірақ жаттығуға келгенде екеуіміз жақсы нәтиже көрсетеміз. Олар соны көріп, «сендер қалай дайындаласыңдар?» деп таң қалады, — дейді Дархан Аслан.

Айта кетейік, қазақстандық әскери қызметші АҚШ-та рекорд орнатқаны туралы жазған едік