ПАРИЖ. KAZINFORM – Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бүгін құзға өрмелеуден жылдамдыққа жарыста қазақстандық Әмір Маймұратов жартылай финалға өте алмады.
Ол ширек финалда әлем чемпионы, жазғы Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы, Азия чемпионы, ирандық спортшы Реза Алипур Шеназандифардтан жеңіліп, Олимпиада ойындарын ширек финалдан аяқтады.
Әмірдің уақыт көрсеткіші – 6.14 секунд.
Айта кетейік, әзірге Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде бар.
Еске салайық, бұған дейін еркін күрестен Қазақстан командасының мүшесі Мейрамбек Қартбайдың Париж Олимпиадасының ширек финалына шыға алмағанын жазған едік. Сондай-ақ Азамат Дәулетбеков те алғашқы белдесуінде АҚШ балуанынан жеңіліп қалды.
Күнсұлтан Отарбай
Еуразия Ұлттық университетінің түлегі. Республикалық «Қазақ спорты», «Sport» газеттерінде қызмет атқарған.
2014 жылғы Сочи, 2016 жылғы Рио-Де Жанейро, 2017 жылғы Инчхон және 2024 жылғы Париж Олимпиадасында, сонымен қатар бір қанша Қысқы және Жазғы Азия ойындарынан, әлем біріншіліктеріне барып тікелей хабар таратқан журналист.
Сейдақмет Бердіқұлов атындағы арнайы сыйлықтың лауреаты.