Амур жолбарысын Қазақстан табиғатына бейімдеу жоспары қабылданды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанға амур жолбарыстарын әкелу және бейімдеу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.
— Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге мемлекеттік сапары аясында Қазақстанға амур жолбарыстарын әкелу және бейімдеу жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Құжат аймақта баламасы жоқ — Орталық Азияда жолбарысты қайта қалпына келтіру жобасы бойынша уағдаластықтарды бекітеді, — деп түсіндірді ведомство.
Келісімге екі елдің экология және табиғи ресурстар министрлері — Ерлан Нысанбаев пен Александр Козлов қол қойды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан мен Ресей «Союз-5» және «Бәйтерек» зымыран кешендерінің ұшу сынақтарын өткізу жөніндегі комиссия құруға уағдаласты.
Сондай-ақ,екі ел арасындағы ерекше экономикалық аймақтарды дамыту жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
Жалпы Президенттің Ресейге мемлекеттік сапары барысында 13 келісім қабылданды.