Ана өлімі, онкология және вакцинация: министр өңір дәрігерлеріне міндет жүктеді

АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жұмыс сапары шеңберінде Жамбыл облысындағы бірқатар медициналық нысандардың жұмысымен танысып, өңірдің медицина қауымдастығымен кеңес өткізді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Фото: ДСМ

Министр алдымен медициналық бұйымдар шығаратын «Амир и Д» ЖШС кәсіпорнына барып, өндірістік қуаттарымен және өнім ассортиментімен танысты.

Одан кейін министр «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы» ЖШС-на барып, бейінді бөлімшелердің жұмысын, диагностика мен емдеудің заманауи технологияларын, сондай-ақ жоғары технологиялық медициналық көмекті және трансплантологияны дамыту мәселелерін қарастырды.

Фото: ДСМ

Жұмыс сапарының алғашқы күніндегі негізгі іс-шара Жамбыл облысының медицина қауымдастығымен өткен кеңес болды, онда медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі, кадрмен қамтамасыз ету, санитариялық-эпидемиологиялық жағдай, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, онкологиялық қызметті дамыту, цифрландыру және МӘМС жүйесінің жұмыс істеуі мәселелері қаралды.

Кеңесті аша отырып, Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

— Соңғы үш жылдың ішінде Қазақстанда 813 денсаулық сақтау нысаны салынды, оның 655-і «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге асырылды. 200-ден астам нысан бұрын медициналық көмек болмаған елді мекендерде ашылды. Бұл ауыл тұрғындарының шамамен бір миллион адамын тұрғылықты жерінде медициналық қызметпен қамтуға мүмкіндік берді, — деді министр.

Жамбыл облысында ұлттық жобаның шеңберінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша жоспарланған 30 нысанның барлығының құрылысы аяқталды.

Фото: ДСМ

Сонымен қатар министр өңірдегі бірқатар жүйелік мәселелерге назар аударды. Жалпы өлім, жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім және нәресте өлімі көрсеткіштері бойынша оң динамикаға қарамастан, ана өлімі көрсеткіші өсіп отырғаны атап өтілді.

2026 жылдың 4 айында өңірде ана өлімі бойынша 3 жағдай тіркелген. Қазіргі уақытта екі жағдай бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп жатыр. 

— Ана өліміне қатысты әрбір жағдай жан-жақты талдауды және жүйелі шешімдерді талап етеді. Жүкті әйелдерді бағыттау, кадрлық қамтамасыз ету және бақылау мәселелеріне формалды түрде қарамай, пациенттерді барлық кезеңдерде толық сүйемелдейтін жүйе құру қажет, — деді Ақмарал Әлназарова.

Министр алғашқы буын деңгейінде онкологиялық ауруларды ерте анықтау жұмысын күшейтуді, диагностикалау мен қосымша тексерулер сапасын арттыруды, сондай-ақ вакцинациялау мен туберкулездің алдын алу бойынша халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмысын жандандыруды тапсырды.

Сондай-ақ денсаулық сақтау саласын цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

Өңірде телемедицинаны дамыту, вакциналарды сақтау үшін «суық тізбекті» цифрлық мониторингтеу, сондай-ақ жедел жәрдем бригадалары үшін смарт-бейнежетондар мен интеллектуалды бейнебақылау жүйелерін жетілдіру жоспарланған.

Министр медициналық көмектің ішкі сапасын бақылауды күшейту, клиникалық стандарттарды сақтау, медициналық ұйым басшыларының жауапкершілігін арттыру және азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету қажеттігін атап өтті.

Жұмыс сапарының екінші күнінде министрдің бірқатар медициналық нысандарды аралауы, денсаулық сақтау саласының ардагерлерімен және Байзақ ауданы тұрғындарымен кездесуі, сондай-ақ азаматтарды жеке қабылдауы жоспарланған.

Айта кетейік, елде қызметкердің скринингтік зерттеуден өту тәртібі нақтыланды.