Анаклия порты: Грузиядағы маңызды инфрақұрылымдық жоба жаңа кезеңге өтті

Фото: News Georgia

АСТАНА. KAZINFORM — Грузияның терең сулы теңіз порты – Анаклия құрылысы белгіленген кесте бойынша жалғасуда. Бұл туралы «Анаклия теңіз порты» компаниясының директоры Зураб Сичинава мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі News Georgia басылымына сілтеме жасап. 

Сичинаваның айтуынша, қазіргі уақытта жоба аясындағы бірінші кезең аяқталуға жақын. Ол мобилизация, инженерлік зерттеулер және толық жобалық әзірлеуді қамтиды. Құрылыс жұмыстарын халықаралық тендерде жеңіске жеткен бельгиялық Jan De Nul компаниясы жүргізіп жатыр. Жобаның жалпы ұзақтығы — 970 күн.

Құрылыс барысы

Қазіргі таңда толқын бөгетін салуға қажетті тау жыныстарының 80%-ы құрылыс алаңына жеткізілді.

Сонымен қатар уақытша айлақ үшін бетон X-блоктарын жасау белсенді түрде жүріп жатыр. Бұл айлақ 2025 жылдың қазан айында дайын болады деп жоспарланған.

Блоктар порт аумағында өндірілуде — мұнда бетон зауыты мен құрылыс материалдарын өңдейтін жабдықтар жұмыс істеп тұр. Аптасына шамамен 240 блок дайындалады.

Инженерлік жұмыстар

Толқын бөгетінің алғашқы 650 метрі жобаланып бітті. Қалған бөлігі 10 тамызға дейін ұсынылады.

Қазіргі уақытта батиметриялық және топографиялық зерттеулер жүргізілуде.

Жақын күндері GPS-мониторинг жүйесі және толқын мен су лайлылығын өлшейтін жабдықтар орнатылады.

Екінші кезең мен стратегиялық маңыздылығы

2025 жылдың күзінде басталатын екінші кезеңде теңіз түбін тереңдету және айлақты кемелерді қабылдауға дайындау жұмыстары басталып, 2027 жылдың мамырында аяқталуы тиіс.

Анаклия порты – Қытай, Орталық Азия, Кавказ және Еуропаны байланыстыратын Орта дәліздің (Транскаспий халықаралық көлік бағыты) негізгі бөлігі ретінде қарастырылып отыр. Порттың терең су айлағы мен заманауи логистикалық мүмкіндіктері ірі тоннажды кемелерді қабылдауға және жылына 600 мың контейнерге дейін өңдеуге мүмкіндік береді (2029 жылы бірінші кезең аяқталған соң).

Қазақстан үшін маңызы

Қазақстан үшін Анаклия порты – Қара теңізге шығатын жаңа балама жол. Сарапшылардың айтуынша, бұл жоба Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуетінің тұрақтылығын арттыра алады, әсіресе Орта дәліздің геоэкономикалық маңызы артып жатқан қазіргі кезеңде.

Инвестиция және иелік мәселесі

Жоба көпжылдық кідіріске қарамастан, 2024 жылдың мамырында Грузия үкіметі порттың 49%-ын қытайлық China Communications Construction Company (CCCC) және сингапурлық China Harbour Investment компанияларынан құралған консорциумға беруге ниетті екенін мәлімдеген. Алайда, инвестициялық келісім әлі қол қойылған жоқ.

Соған қарамастан, Грузия билігі жобаның уақытылы жүзеге асатынына сенімді және оған 600 миллион доллар инвестиция тартуды көздеп отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Поти портында Қазақстанның алғашқы мультимодальды терминалы іске қосылған болатын.

Сонымен қатар, «Тбилиси Құрғақ порты» биылғы мамыр айында жұмысын бастап, оған ыңғайлы теміржол желісі іске қосылды.