ТХКБ: Грузияның Поти портында Қазақстанның терминалы ашылады

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл сәуір айында Грузияның Поти портында Қазақстанның өз терминалы ашылады. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев айтты.

ТХКБ: Грузияның Поти портында Қазақстанның өз терминалы ашылады
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

- Қазақстан мен Грузия арасында көлік саласындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатыр. Екі ел арасында ең көп талқыланатын мәселе – Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту. Оның шеңберінде былтыр теміржолмен жүк тасымалдаудың көлемі 4,7 млн тоннаға жетіп, жалпы 30 пайыздық өсім көрсетті. Осы бағытта автокөлікпен жүк тасымалдаудың көлемі 42 мың тоннаға жетіп, 17 пайызға артты. Қазір талқылап отырған мәселеміз Транскаспий халықаралық көлік бағыты шеңберінде Грузия өздерінің Поти деп аталатын портын дамытып жатыр. Қазақстан сонда өз терминалын қоятын болып шешім қабылданған. Былтыр біздің еліміздің инвесторы сол терминалдың құрылысын бастады. Биыл сәуір айында осы терминалды толық іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз, - деді министр Қазақстан және Грузия Үкімет басшыларының келіссөзінен кейін БАҚ өкілдеріне. 

Көлік министрінің айтуынша, бұл жоба еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін арттырады. Оны салуға жеке инвестор 60 млн АҚШ долларындай қаржы салып отыр. 

Айта кетейік, бұған дейін 20 жыл ішінде ел экономикасына грузиялық инвесторлар қанша қаржы құйғанын жазған едік

Сондай-ақ Қазақстан мен Грузия арасында Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жүк тасымалдау көлемі өткен жылы 62 пайызға артты

Қазақстан 2025 жылы Грузияға 80 мың тонна бидай экспорттайды.

Соңғы жаңалықтар