ШҚО-дағы «Рахман қайнарлары» шетелдік компанияларға берілмейді

Фото: Фото: ШҚО әкімдігі

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Анатолий Балушкиннің Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында орналасқан «Рахман қайнарлары» шипажайы мемлекет балансына берілді.

Электрондық сауда алаңында «Рахман қайнары» шипажайын мемлекеттік органдардың балансына беру бойынша сауда-саттық өткен. Соның нәтижесінде, шипажай Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының балансына берілді.

«Бүгінгі таңда нысанды қабылдауға мемлекеттік органдардан құралған комиссия барды. Шипажайды шетелдік компанияларға беру жоспарда жоқ», - дейді ШҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ардақ Мәдиев.

Айта кетейік, «Рахман қайнары» шипажайы 1964 жылы ашылған. Суының шипалық қасиетi оның құрамындағы көмiр қышқылының, радонның молдығында. Ол түрлі ауру мен жараны емдеуде қолданылады.

Еске салсақ, Өскеменде «БИПЭК АВТО – АЗИЯ АВТО» АҚ басшысы болған Анатолий Балушкинге және «АЗИЯ АВТО» компаниясының бас директоры Ерік Сағымбаевқа қатысты сот процесі басталған. Сотталушылар Қазақстанда болмағандықтан сот ісі сырттай өтіп жатыр. 

Анатолий Балушкинге ҚР Қылмыстық Кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық), 218-бабы 3 бөлігінің 3-тармағы (қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге де мүлікті заңдастыру) бойынша айып тағылған. Ал, Ерік Сағымбаев ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен және 245-бабы 3-бөлігімен (салықтан жалтару) бойынша сотқа тартылып жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін ШҚО-да «БИПЭК АВТО» компаниясынан тәркіленген шипажай аукционда сатылғанын жазған едік.