НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сында бірінші ракеткасы Андрей Голубев Рим мастерс турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші аргентиналық Максимо Гонсалеспен бірге екінші айналымда аустралиялықтар Мэттью Эбден – Макс Перселмен күш сынасты.
Аустралиялық жұп алғашқы айналымда грузиялық Николоз Басилашвили – тағы бір қазақстандық Александр Бубликті 6:4, 6:1 есебімен жолдан тайдырған болатын.
Бұл жолы бірінші партияда қазақстандық-аргентиналық жұп 6:3 есебімен басым түсті. Олар екінші сетте де сол қарқынынын жаңылған жоқ – 6:4.
Бір сағат 20 минутқа созылған матч барысында А.Голубев пен М.Гонсалес 1 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды.
А.Голубев пен М.Гонсалес Рим жарысының жартылай финалына шығу үшін уругвайлық Ариэль Бехар – эквадорлық Гонсало Эскобармен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Римде әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасын ұтқанын, қазақстандық теннисшінің Шымкент турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Елена Рыбакина Рим турнирінің ширек финалына шыға алмады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).