НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Андрей Голубев жұптық сында Уимблдон турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші нидерландылық Робин Хасемен бірге үшінші айналымда италиялық Симоне Болелли - аргентиналық Максимо Гонсалеспен кездесті.
Италиялық-аргентиналық жұп 6:3, 6:3, 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Бәсеке 1 сағат 40 минутқа созылды.
С.Болелли мен М.Гонсалес 3 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қазақстандық-нидерландылық жұп 3 эйс, 1 брейкпен (5 брейк-пойнт) шектелді.
Италиялық-аргентиналық жұп жартылай финалға шығу үшін оңтүстікафрикалық Равен Класен - жапониялық Бен Маклаханмен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын елордада теннистен Президент кубогы аясында 3 халықаралық турнир өтетінін, Елена Рыбакинаның Уимблдон жарысының ширек финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Осылайша Уимблдон додасында Қазақстаннан ешкім қалған жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).