АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық қақпашы Андрей Шутов елордалық «Барыс» командасы құрамынан кетті. Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Қақпашы «Барыс» жүйесінде үш жылдан астам уақыт өткізді. Өткен маусымда ол Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатында барлығы 2000 минут ойын өткізді. Орташа есеппен әрбір ойында 2,74 шайбаны қақпасына жіберді.
Андрей Шутов 1998 жылы 4 наурызда Өскемен қаласында дүниеге келген.
Ұлттық құрама сапында 2021 жылдан бері ойын көрсетіп келеді. 2024 жылғы әлем чемпионатында ұлттық құрама сапындағы үздік үш хоккейшінің бірі болды.
Айта кетсек, «Барыс» Астана қаласында 14-18 тамыз аралығында шайбалы хоккейден Қазақстан Президенті кубогы турниріне қатысады.
Биыл он үшінші мәрте жалауын көтеретін турнирге елордалық командадан өзге Ресейдің «Лада» (Тольятти), «Амур», (Хабаровск) клубтары келеді.
Сондай-ақ онда олимпиадалық іріктеудің финалдық кезеңіне қатысу үшін еліміздің ұлттық құрамасы бақ сынайды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.