Астанада шайбалы хоккейден ҚР Президенті кубогы турнирі өтеді

Астанада шайбалы хоккейден ҚР Президенті кубогы турнирі өтеді
Фото: hcbarys.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Астана қаласында 14-18 тамыз аралығында шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасы Президенті кубогы турнирі өтеді. Оған елордалық «Барыс» командасы қатысады.

Биыл он үшінші мәрте жалауын көтеретін турнирге елордалық командадан өзге Ресейдің «Лада» (Тольятти), «Амур», (Хабаровск) клубтары қатысады.

Сондай-ақ онда олимпиадалық іріктеудің финалдық кезеңіне қатысу үшін еліміздің ұлттық құрамасы бақ сынайды.

Айта кетсек, «Барыстың» оқу-жаттығу жиынының басым бөлігі Астанада өтеді. 15 шілдеде екіжақты келісімшарты бар хоккейшілер медициналық тексерістен өтеді. Ал 1 тамызда олардың қатарына біржақты келісімшартқа қол қойған ойыншылар қосылады.

Елордалық клуб 20-25 тамыз аралығында Ресейдің Омбы қаласында өтетін «Блинов Кубогы» маусымалды турнирінде бақ сынайды. Олар Ресейдің «Локомотив» (Ярославль), «Сибирь» (Новосібір), «Трактор» (Челябі) және «Авангард» (Омбы) ұжымдарына қарсы ойнайды.

26 тамыз - 2 қыркүйек аралығында Астанада «Барыстың» Құрлықтық хоккей лигасы 2024/25 жылдар маусымы алдындағы дайындығының қорытынды кезеңі өтеді.

Соңғы жаңалықтар