Аңду, жол апатын әдейі ұйымдастыру және адам ұрлау: сотта Колесников ісінің жаңа мән-жайлары айтылды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қоғамда резонанс тудырған 40 жастағы Василий Колесниковты ұрлау және өлтіру ісі бойынша алдын ала тыңдау өтті. Сотталушылар қатарында алты адам бар.

Фото: Татьяна Корякина/Kazinform

Сот процесі мемлекеттік тілде судья Абинур Қарабаевтың төрағалығымен өтті. Мемлекеттік айыптауды прокурор Мұхтар Арыстанов қолдады. Қаза тапқан Василий Колесниковтың әкесі Александр Колесниковтың мүддесін адвокаттар Талғат Есімов пен Виктор Кривоносов қорғайды. Алты сотталушының қорғаушылары — Сапарымбетов, Мұсаханов, Жақсылық және Азадов.

Фото: Татьяна Корякина/Kazinform

Алдын ала тыңдауға алты сотталушы күзетпен жеткізілді. Олар — Мақсұт Арысбаев, Рауан Инкарбеков, Дархан Қызбалаев, Бекасыл Жұманазар, Әлихан Ерімбет және Жанділда Қуандықов. Олардың бесеуі бұрын сотталған. Барлығы қамауда отыр. Іс бойынша тағы бір күдікті Марат Дауласовқа іздеу жарияланған. Тергеу материалдарында «Баха» деген атпен белгілі тағы бір ықтимал сыбайластың жеке басы әзірге анықталмаған.

Алты сотталушыға ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деген айып тағылып отыр. Атап айтқанда:

• алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған, пышақ қолданылған бұзақылық — ҚР ҚК 293-бабының 3-бөлігі;
• бұзақылық ниетпен адамдар тобы жасаған Мақсат Көшкенбаевты өлтіруге оқталу — ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігінің 7 және 9-тармақтары;
• өмірге қауіпті күш қолдану және қару ретінде пайдаланылған заттарды қолдану арқылы адамдар тобы жасаған Василий Колесниковты ұрлау — ҚР ҚК 125-бабы 2-бөлігінің 1, 3 және 4-тармақтары;
• адамдар тобы жасаған, аса қатыгездікпен, бұзақылық ниетпен және адам ұрлаумен ұштасқан Василий Колесниковты өлтіру — ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің 3, 5, 7, 9 және 11-тармақтары. Осы әрекеттер ҚР ҚК-нің тиісті баптары бойынша сараланған.

Сотталушылардың қорғаушылары олардың кәмелетке толмаған балалары бар екенін алға тартып, БАҚ өкілдерінің процеске қатысуына, сондай-ақ фото және бейнетүсірілім жасауға тыйым салуды сұрады. Судья істің қоғамдық резонансын ескеріп, процесті жабық өткізу туралы өтінішті қанағаттандырмады. Алайда сотталушылардың, олардың адвокаттарының және бейнетүсірілімге ресми түрде қарсылық білдірген куәлардың бет-бейнесін түсіруге тыйым салды.

Айыптау нұсқасы: жәбірленушілерді аңду, әдейі жол апатын ұйымдастыру және Колесниковты ұрлау

Алдын ала тыңдау барысында прокурор Мұхтар Арыстанов айыптау актісін жариялады.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, 20 қаңтардағы оқиғаға дейін 2026 жылғы 4 қаңтарда Шымкент — Самара тасжолының Темірлан ауылы маңында жанжал болған. Мемлекеттік айыптаудың мәліметінше, Арысбаев, Қызбалаев және олардың танысы отырған Toyota Land Cruiser көлігін бірнеше машина қуып, ондағы адамдар белгісіз қарудан оқ атқан. Салдарынан жол талғамайтын көлік зақымданған. Осы факті бойынша кейін ҚР ҚК 293-бабының 3-бөлігі бойынша жеке тергеу басталған.

Фото: Татьяна Корякина/Kazinform

Тергеу нұсқасы бойынша, осы оқиғадан кейін Арысбаев пен Қызбалаев жанжалға қатысушылардан немесе олардың жақын таныстарынан кек алуды көздеген. Айыптау тарапының мәліметінше, Василий Колесников Олжас Сахимов пен Мақсат Бейсеновтің жақын досы болған. Тергеу оларды 4 қаңтардағы жанжалға қатысы бар адамдар ретінде қарастырған.

Айыптау мәліметіне сәйкес, 19 қаңтарда бірнеше адам Шымкенттегі пәтерлердің біріне жиналып, Василий Колесниковты өлтіру жоспарын құрған. Келесі күні олар мешіт маңында кездескен. Тергеу материалдары бойынша, кейбірінің жанында пышақ пен тапанша болған және бетперде алып жүрген.

20 қаңтарда түстен кейін бірнеше адам үш көлікпен Василий Колесников, Мақсат Көшкенбаев және Нұрмахан Ешанқұлов отырған Hyundai Sonata көлігін аңдыған. Сағат 15:39–да Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында Toyota Camry көлігі бағдаршамның қызыл түсіне тоқтаған Hyundai Sonata-ға әдейі соғылған. Осыдан кейін жаппай төбелес басталған.

Тергеу мәліметінше, шабуыл кезінде Мақсат Көшкенбаевтың арқасына пышақ сұғып, басы мен денесіне бірнеше рет соққы жасалған. Шабуылдан қашып шыққан Көшкенбаевты Нұрмахан Ешанқұлов ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер оған шұғыл ота жасаған.

Сот-медициналық сараптама Көшкенбаевтың кеуде тұсына пышақ тигенін, қабырғааралық артериясы мен қабырғалары зақымданғанын анықтаған. Жарақат денсаулыққа ауыр зиян ретінде бағаланған. Айыптау тарапы ер адамды өлтіру ниеті дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында іске аспады деп есептейді.

Сол уақытта тергеу нұсқасы бойынша, Василий Колесниковты ұрып-соғып, күшпен Toyota Camry көлігіне отырғызған. Ол қарсылық көрсетіп, көліктен шығуға тырысқан. Нұрмахан Ешанқұлов оны алып кетуге кедергі жасау мақсатында көліктің дөңгелегін пышақпен тескен. Кейін Колесниковты ВАЗ-21014 көлігіне отырғызып, Түркістан облысы Ордабасы ауданының Қайнар ауылына алып кеткен. Айыптау нұсқасына сәйкес, жол бойында оны ұрып-соғу жалғасқан. Тергеу мәліметінше, Колесниковтың басына, денесіне, қолы мен аяқтарына ұзақ уақыт бойы доғал және өткір заттармен соққы жасалған. Алған жарақаттарының салдарынан ер адам қайтыс болған.

Сот-медициналық сараптама нәтижесінде марқұмның көптеген қабырғасы мен аяқ-қолдары сынғаны, жабық бас-ми жарақаты, кеуде қуысының жарақаты және пышақ жарақаттары болғаны анықталған. Өлімге дененің көптеген сүйек зақымдануымен асқынған аралас доғал жарақаты және одан туындаған травматикалық шок себеп болған. Колесниковтың денесін Темірлан ауылындағы орталық аудандық ауруханаға жеткізіп, автотұраққа тастап кеткен. Кейін олар оқиға орнынан бой тасалаған.

Бұл тұрмыстық жанжал: Арысбаевтың қорғау тарапы

Сотталушы Арысбаевтың адвокаты Тофик Азадов сотқа қорғау актісін ұсынып, өз қорғауындағы азаматқа адам өлтіру, адам өлтіруге оқталу және адам ұрлау баптары бойынша тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді.

Қорғау тарапының пікірінше, іс материалдарында Арысбаевтың Василий Колесниковты өлтіруге тікелей ниеті болғанын, алдын ала сөз байласуға және жәбірленушіні ұрлауға қатысқанын, сондай-ақ оның өліміне әкелген дене жарақаттарын салғанын дәлелдейтін жеткілікті айғақ жоқ.

— Менің қорғауымдағы адамның айтуынша, Марат және Баха есімді адамдар Василий Колесниковпен сөйлесуге бара жатқанын айтып, оны бірге баруға шақырған. Арысбаев олардың мақсатын білмеген. Жол апатынан кейін тұрмыстық сипаттағы жанжал туындап, төбелеске ұласқан. Арысбаевтың нақты рөлі анықталмаған, тергеу барлық қатысушылардың әрекетін жеке-жеке сараламаған, — деді Тофик Азадов.

Адвокат сондай-ақ Арысбаевтың бұған дейін Василий Колесниковты, Мақсат Көшкенбаевты және Нұрмахан Ешанқұловты танымайтынын, олармен жеке араздығы болмағанын атап өтті. Қорғау тарапының айтуынша, сотталушының жанында қару болмаған және тергеу барысында оған қатысты тиісті заттай дәлелдер табылмаған.

— Жәбірленушінің әрбір жарақатын кім, қандай затпен және қандай жағдайда салғаны анықталмаған. Арысбаевтың әрекеті мен жәбірленушінің өлімі арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс та дәлелденбеген, — деді қорғаушы.

Азадов соттан Арысбаевты адам өлтіру, адам өлтіруге оқталу және адам ұрлау айыптары бойынша ақтауды, ал оның әрекетін бұзақылық және өзінше билік ету баптары бойынша саралауды ұсынды. Сот бұл уәждерге істі мәні бойынша қарау кезінде баға береді.

Колесников спортшы болған және ҰҚТ құрамында тұрмаған — адвокат

Жәбірленуші тараптың адвокаты Талғат Есімов Василий Колесниковтың спортпен айналысқанын және ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі ретінде есепте тұрмағанын айтты.

Оның айтуынша, Колесников кәмелетке толмаған кезінде жасаған қылмысы үшін сотталған, алайда оның соттылығы өтелген.

Жәбірленуші тараптың өкілі жалпы алғанда сотқа дейінгі тергеудің нәтижелеріне қанағаттанатынын айтты. Оның сөзінше, іс қалалық прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің және Президент Әкімшілігінің бақылауында болған.

— Сотқа дейінгі тергеу объективті жүргізілді. Бастапқыда басқа да адамдарды жауапкершілікке тарту қажет деген күдік болған, алайда ол расталмады. Қазір екі адам анықталуы тиіс. Оның бірі іздеуде, екіншісінің жеке басы әзірге белгісіз. Олардың кім екенін анықтау — уақыттың еншісінде, — деді Талғат Есімов.

Адвокаттың айтуынша, алты сотталушыға тағылған айып адам ұрлау, аса қатыгездікпен жасалған, адамдар тобы жасаған және адам ұрлаумен ұштасқан кісі өлтіру, адам өлтіруге оқталу және бұзақылық фактілерін қамтиды.

Сонымен қатар адвокат Шымкент қаласы полициясының Жедел басқару орталығы қызметкерлерінің әрекетін сынға алды. Оның айтуынша, шабуыл адам көп жүретін қиылыста бірнеше минутқа созылғанымен, құқық қорғау органдары дер кезінде әрекет етпеген.

— Төбелес алты-жеті минутқа созылды. Колесников спортшы болған, Ешанқұлов та қарсылық көрсеткен. Мақсат Көшкенбаевтың да қаза табуы мүмкін еді, оны Нұрмахан Ешанқұлов құтқарды. Менің ойымша, полиция тарапынан әрекетсіздікке жол берілді. Егер дер кезінде «Ұстау» жоспары енгізіліп, қиылыстар жабылғанда, Колесников тірі қалар еді, — деді Талғат Есімов.

Адвокаттың айтуынша, оқиғадан кейін полиция қызметтік тексеру жүргізген. Кейбір қызметкерлер жұмыстан шығарылып, басқаларына сөгіс жарияланған.

Фото: Татьяна Корякина/Kazinform

Негізгі сот процесі қашан басталады

Алдын ала тыңдау қорытындысы бойынша төрағалық етуші судья Абинур Қарабаев негізгі сот талқылауын 7 қыркүйек күні сағат 10:00–ге белгіледі.

Сот отырыстарын аптасына екі рет — дүйсенбі және сейсенбі күндері өткізу жоспарланған. Процесс ашық түрде өтеді, алайда онлайн-трансляция болмайды. Сотталушылардың кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен ғана белгіленуі мүмкін.

Еске сала кетейік, қылмыс 20 қаңтар күні түсте Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған. Екі көлік соқтығысқаннан кейін жаппай төбелес басталып, Мақсат Көшкенбаев ауыр жарақаттанған. Василий Колесниковты күшпен қала сыртына алып кеткен. Кейін оның денесі Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы аурухана маңынан табылған. 

Шымкенттегі жол ортасындағы төбелеске қатысты үш қылмыстық іс қозғалды.