Англияда Еуропадағы әйелдер футболына арналған алғашқы стадион бой көтереді

АСТАНА. KAZINFORM — Англияның «Брайтон энд Хоув Альбион» футбол клубы Еуропадағы әйелдер футболына арналған алғашқы арнайы стадионның құрылыс жоспарын таныстырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Лондондағы меншікті тілшісі.

Фото: brightonandhovealbion.com

Құны шамамен 100 млн доллар болатын жаңа нысан әйелдер командасының тұрақты үй аренасына айналады. Стадион футболшы қыздардың, қызметкерлер мен жанкүйерлердің қажеттіліктерін ескере отырып жобаланады.

Нысан ағылшын премьер-лигасында өнер көрсетіп жүрген ерлер командасының қазіргі стадионының жанында орналасады. Бастапқы сыйымдылығы 10 мың көрерменді құрайды, ал екі аренаны жаяу жүргіншілер көпірі байланыстырады.

Қазіргі уақытта құрылысқа қажетті рұқсаттарды алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Клуб стадионды 2030/31 маусымының басында ашуды жоспарлап отыр.

Бұл — Еуропадағы алғашқы осындай жоба және әлемдегі санаулы бастамалардың бірі. Мұндай арена алғаш рет АҚШ-та пайда болды: «Канзас-Сити Каррент» әйелдер футбол клубы екі маусым бойы «Си-Пи-Кей-Си Стэдиум» стадионында ойындарын өткізіп келеді. Сонымен қатар, АҚШ әйелдер футбол лигасының «Денвер Саммит» командасы 2028 жылға дейін өз стадионының құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр.

Жаңа стадион әйелдер футболының ерекшеліктеріне толық бейімделіп салынады. Алаң стандарттарынан бастап, киім ауыстыру бөлмелері мен қалпына келу аймақтарына дейін барлық инфрақұрылым кәсіби спортшыларға лайықталып жасалады.

Сонымен қатар, жанкүйерлер үшін қолайлы әрі отбасылық атмосфера қалыптастыруға басымдық беріледі: кең қоғамдық кеңістіктер, ойын-сауық элементтері мен қауіпсіз орта қарастырылған.

Бұдан бұрын футболдан еліміздің әйелдер лигасында алғашқы тур аяқталғанын жазған болатынбыз.